Астанада Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс съезі өтіп, партияның жаңа төрағасы сайланды. Делегаттардың шешімімен бұл қызметке Нұрсұлтан Шоқанов келді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Партияның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, бұрынғы төраға Ермұхамет Ертісбаев съезде сөз сөйлеп, соңғы үш жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Ол партия басшылығындағы өзгерісті саяси ұйымның дамуындағы табиғи әрі заңды кезең деп атады.
Ертісбаевтың айтуынша, кез келген даму кезеңі жаңаруды қажет етеді. Әсіресе елде ауқымды саяси өзгерістер жүріп жатқан тұста партияның жаңа кезеңге қадам басуы маңызды.
"Дамудың кез келген кезеңі жаңаруды талап етеді. Бұл – табиғи процесс, онсыз алға жылжу мүмкін емес", – деді ол.
Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан Халық партиясы меритократия, кәсібилік, жауапкершілік және сабақтастық қағидаттарына сүйенетін заманауи басқару мәдениетін қалыптастырып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, жаңа төрағаны таңдауда нақты жұмыс нәтижесі, басқарушылық тәжірибе, көшбасшылық қабілет және партияны одан әрі дамыту мүмкіндігі ескерілген.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Шоқанов Қазақстан Халық партиясының төрағасы болып сайланды.
Жаңа басшыны таныстырған Ертісбаев Шоқановтың партия мүшелеріне жақсы таныс екенін айтты. Ол аймақтық құрылымдарды басқарудан бастап, партияның маңызды ұйымдастырушылық жобаларын жүзеге асыруға дейінгі түрлі кезеңдерден өткен.
Ертісбаевтың сөзінше, Нұрсұлтан Шоқанов партияның ішкі жұмысын жақсы біледі, заманауи басқару тәжірибесі бар және әріптестері арасында беделге ие.
Нұрсұлтан Шоқанов 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын қаржы мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Швейцариядағы IMD бизнес-мектебінде Executive MBA дәрежесін алған.
Еңбек жолын Ernst & Young халықаралық аудиторлық компаниясында бастаған. Кейін мұнай сервистік компаниясында басшылық қызметтер атқарып, корпоративтік қаржы, әкімшілік басқару, компанияларды біріктіру және сатып алу жобалары, сондай-ақ дағдарысқа қарсы басқару бағыттарына жауапты болған.
2009 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Ол қоғамдық тамақтану, тағам жеткізу, ритейл, ақпараттық технологиялар, өндіріс және дистрибуция салаларында жұмыс істейтін OMIR Group компаниялар тобының директорлар кеңесін басқарады.
Нұрсұлтан Шоқанов 2021 жылдан бастап Қазақстан Халық партиясы атынан Алматы қалалық мәслихатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты болып сайланған. Мәслихатта құрылыс, сәулет, қалалық инфрақұрылым, урбанистика және жер қатынастары мәселелерімен айналысқан.
2022 жылдың желтоқсанынан бастап партияның Алматы қалалық, кейін Алматы облыстық филиалдарына жетекшілік етті. 2023 жылы Алматы қаласының "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасын басқарған. Кейін “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының мүшесі әрі басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Шоқанов Қазақстан Республикасы Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті қызметін атқарады.
Қазақстан Халық партиясы жаңа төрағаның сайлануын партияның сабақтастыққа, институционалдық тұрақтылыққа және саяси жұмыстағы заманауи тәсілдерге негізделген жаңа даму кезеңі деп бағалады.