Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Qazaqstan» телеарнасының «Бас тақырып» бағдарламасына берген сұхбатында еліміздегі ономастика саласындағы мәселелердің бүгінгі беталысына тоқталып, осы бағыттағы болашақ іс-шаралар жайында өз ойымен бөлісті, - деп жазады Dalanews.kz.
Ерлан Қариннің айтуынша, ономастика саласындағы шешімдерді аймақтар осы күнге дейін өз бетінше қабылдап келген. Бұл кейде жергілікті деңгейдегі біржақты шешімдерге әкеліп, тұлғалар мен тарихи атаулардың әділетсіз дәріптелуіне себеп болған.
Сондықтан қазіргі басты бағыт – ономастика мәселесін орталықтандыру. Бұл аймақтардан құзыретті толық тартып алу емес, керісінше, мәселелерді жүйелі әрі үйлесімді түрде шешуге мүмкіндік беру. Бұдан былай аймақтар өз ұсыныстарын орталықпен, министрлікпен және Президент әкімшілігімен ақылдаса отырып жүзеге асырады.
Ұсыныстарды қарастыру кезінде басымдық жаңадан қосылып жатқан елдімекендер мен көшелерге беріледі. Сонымен қатар, тарихи тұлғалардың аттарын тең дәрежеде дәріптеу мақсат етіліп отыр:
«Ұлы Абай тек Шығыс өңірдің тұлғасы болмауы керек, Әлия Молдағұлова тек Батыс өңірінің тұлғасы болып қалыптаспауы керек. Қазіргі талап бойынша, атауларды таңдауда адам есімдеріне шектен тыс басымдық берілмей, жер-су, ұлттық құндылықтарды бейнелейтін атауларға ерекше назар аударылады. Мысалы, көшелердің 10 пайызына ғана белгілі тұлғалардың есімдері беріледі, қалғандарына «Ынтымақ», «Тәуелсіздік», «Бейбітшілік» сияқты жалпыұлттық бірлікті білдіретін шартты атаулар берілуі ұсынылады», - деді Ерлан Қарин осы тұста.
Ономастика мен ескерткіштер ұлттың рухани коды мен тарихи санасын қалыптастыратын басты құрал.
Бұған дейін Dalanews-ке пікір білдірген сарапшылар, билік ономастика саласын орталықтандыру арқылы салада әділеттілік пен жүйелілікке қол жеткізуді мақсат тұтатынын айтқан. Ұтымды шешімдер мен үйлесімді қадамдар ғана тарихи мұраларымызды келер ұрпаққа лайықты жеткізудің кепілі болмақ.