Ерлан Қарин Әділетті Қазақстанның түпкі мәні неде екенін айтты

Сағыныш Сардарова 05 мау. 2024 15:35 1936

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин "Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері" атты мақаласында "Әділетті Қазақстан" ұғымының мәні қаншалық терең екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекеттік кеңесші бүгінде ішкі саясат саласындағы ақпарат ағыны жылдам алмасып отыратынын, соған орай белгілі бір кезеңде саяси реформалар, сайлаулар мен кадрлық ауыс-түйістер ел назарында екенін мәлімдеді. Ерлан Қарин бүгінде отбасылық зорлық-зомбылық, қарғын сумен күрес мәселесі де күн тәртібіне шыққанын айтты. Алайда "билік құрылымдары түгелдей күнделікті мәселелермен айналысып жатқанына қарамастан, мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарына сәйкес ілгерілеу үшін жүйелі жұмыс жалғасып келеді", - деді ол бұл бағытта.

"Дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық Құрыл­тайдың үшінші отырысында айқындап берді. "Әділдік" деген ауқымды ұғым осы идеологияның арқауына, ал "Әділетті Қазақстан" деген түсінік мемлекет бағдарының басты идеологемасына айналды.

"Әділетті Қазақстан" – бір жағы­нан мемлекеттік идеоло­гияның өзегі әрі мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты. Сонымен бірге бұл – қоғам санасына орныққан бола­шақтың бет-бейнесі. Шын мәнінде, "Әділетті Қазақстан" идея­сы күні кеше ғана немесе жұрт айтып жүргендей, соңғы екі-үш жылда ғана пайда болған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне келген күннен бастап әділдіктің қастерлі қағидатына айрықша мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскеннен кейінгі алғашқы сөзінде: "Еліміздің даму жо­лындағы осы маңызды мезетте бү­кіл қоғам болып, өркендеген, демокра­тиялық, әділетті Қазақ­стан­ды құру идеясының төңірегіне топтасуы керек» деген еді. Одан кейін 2019 және 2022 жылы өткен президент сайлауы кезінде Мемлекет басшысы "Әділдік" ұғымын сайлау алдындағы тұғырнамасына негіз етіп алып, өз саясатының басты қағидаты ретінде ұстанып келеді. Әділетті мемлекет құру идеясы қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік саясаттың ғана емес, бүкіл қоғамның идеологиялық темірқазығына айналды", - деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, әділдік идеясы қоғамның сұра­нысына да, мемлекеттің ұстанымына да сай келеді. Яғни "Әділетті Қа­зақстан" ұлтты ұйыстыратын идея­ға ай­налып отыр.

"Осы орайда, "әділдік" және "әділетті мемлекет" деген терминдердің мән-мағынасын нақ­ты­лай кеткен жөн. Әділдік де­ге­німіз – бәрін бір қалыпқа салып, теңестіру емес. Әділдік – ең алдымен, құқықтар мен міндеттерді бәріне бірдей бөлу деген сөз. "Әділдік" ұғымын дәл осылай ұғынып, түйсіну қажет. Ол барлық реформаның өн бойында тұр", - деді ол.

Ерлан Қарин соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі көптеген шешім осы әділдік идеясына орай қабылданып келе жатқанына да назар аударды.

"2022 жылы жүр­гізілген конституциялық реформа аясында халықтың жерге және оның қойнауындағы байлыққа, жануарлар және өсімдіктер әле­міне, сондай-ақ басқа да табиғи ресурстарға қатысты меншік құқығы Ата заңымызда бекітілді. Бұл қағидат іс жүзінде "Ұлттық қор – балаларға" атты бағ­дарлама арқылы жүзеге асырылды. Соған сәйкес бұдан былай Ұлттың қордың жыл сайынғы ин­вестициялық табысының жартысы балаларға арналған жинақтаушы есепшоттарға тең бөліп аударылады.

Сондай-ақ әділдік қағидатының нақты жүзеге асырылып жатқанына мысал ретінде кезінде заңсыз алын­ған, жалпы сомасы 1 трил­лион тең­геден асатын активтердің елге қай­тарылғанын, пайдаланылмай келген 5 миллион гектардан астам жердің мемлекет меншігіне өткенін, соны­мен бірге "Қазақстан халқына" қо­ғамдық қорының құрылғаны мен "Самұрық-Қазына" қорының таза табысының кемінде 7 пайызы жыл сайын осы қордың есепшотына аударыла бастағанын атап өтуге болады.

Шын мәнінде, Әділетті Қазақстан – бәзбіреулер айтып жүргендей, биліктің ойлап тапқан жасанды идея­сы емес, Президенттің стратегиялық бағдарының идеялық негізі. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ең негізгі миссиясы – Әділетті Қазақстанды құру екенін үнемі айтып жүр. Саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларда жүргізіліп жат­қан жүйелі реформалардың бәрі, ең алдымен, осы стратегиялық мақ­сатқа қол жеткізуге арналған. Пре­зиденттің елімізді түбегейлі және жан-жақты жаңғыртуға қатысты байып­­тамасының түпкі мәні осында жатыр", - деді Мемлекеттік кеңесші.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар