Ержүрек студент әкімнің грантына ие болды

Dalanews 14 нау. 2019 12:02 790

Ерлік көрсетіп, Талдықорғанда өрт шыққан үйден екі кішкентай баланы құтқарған 19 жастағы студент Арман Бақытбайұлына білім гранты беріледі. Арманды қабылдаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов осылайша ержүрек студентке құрмет көрсетті.

Талдықорған қаласының тұрғыны, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 1 курс студенті Арман Бақытбайұлы 6 наурыз күні көшеден өтіп бара жатып көп пәтерлі үйдің екінші қабатынан көмекке шақырған дауысты естиді, терезеден түтін шығып жатқанын көреді. Арман газ құбырымен өрмелеп, есігі жабық пәтердің ішінен терезеден екі кішкентай қызды алып шыққан. Кішкене балалардың ата-анасы балаларды сыртынан жауып, жұмысқа кеткен екен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп, қажетті көмекті көрсеткен.

Арманның ерлік әрекетін естіген облыс әкімі А.Баталов студентті қабылдап, оның өзінен оқу барысы, отбасылық жағдайы, өмірдегі қызығушылығы туралы сұрап білді. Әңгіме барысында белгілі болғандай, жас батыр университетте денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша ақылы бөлімде оқиды, қарындасы екеуін әкесі тәрбиелеп отыр, спортқа жаны жақын, футболды жақсы көреді, бұрын еркін күреспен де айналысқан. Университет ректоры Қуат Баймырзаевтың айтуынша, Арман жақсы оқитын студенттер қатарында, сессияны жақсы көрсеткіштермен аяқтаған. Ректор Арманның ержүректігіне ризашылығы ретінде және отбасылық жағдайын ескеріп, оқу ақысын өзінің жеке есебінен көтеруге дайын екенін жеткізді. Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдады, дегенмен келесі жаңа оқу жылынан бастап Арманға облыс әкімінің гранты берілетінін айтты. Сол сияқты мектепті аяқтаған соң А.Бақытбайұлының қарындасына да қолдау көрсетілмек.

– Ерліктің үлкен-кішісі болмайды. Біреудің қайғысына бейжай қарамай, көмек қолын созғаның сенің үлкен жүректі азамат екеніңді көрсетті. Өзің спортпен айналысасың, салауатты өмір салтын ұстанады екенсің. Сен сияқты жастардан қатарластарың үлгі алуы тиіс. Әрқашан осындай қарапайым, байсалды, мейірімді қалпыңнан танбай, арман-мақсатыңа жете бер! Саған әрдайым жақсылық тілеймін! – дей келе, облыс әкімі А.Баталов Арманға ноутбук сыйға тартты.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар