Ербаян Мұхтар емделу үшін Түркияға кетті

Қаракөз Амантай 27 қыр. 2024 11:45 3436

Әскерде жүргенде бас-ми жарақатын алып,  комаға түскен Ербаян Мұхтарды жақындары емдету үшін Түркияға алып кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы отбасының қорғаушысы Инга Иманбай мәлімдеді.

"Ербаян Ыстамбулға жолға шықты. Ұшақ бүгін таңғы сегізде Астанадан ұшты. Бұл күнге жету де оңайға соққан жоқ. Тоқтаусыз күрес, талмай еңбекпен келді. Бастысы - кеңпейіл халқымыздың мейірімі мен жанашырлығының жемісі. Ербаян, мықты бол! Бұл жартылай жеңіс! Бұйырса, үлкен жеңістер алда. Сенің бар өмірің алда. Аман-есен елге өз аяғыңмен оралуыңды күтеміз”, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар әскерде мүгедек болып қалған сарбаз Ербаян Мұхтарға 140 млн жинап берген еді.

Бұл туралы Ербаянның жақындары сарбазға ашылған парақшада хабарлады.

Еске салайық, былтыр желтоқсан айында Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтар комаға түсті. 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі сарбаздың денсаулығына қатысты ресми мәлімдеме жасаған болатын. 

Ұлттық ұланның хабарлауынша, қатардағы Ербаян Мұхтардың бас жарақатын алу фактісі бойынша ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалған. Бұл жерде әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін бұза отырып, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені мәселе болып отыр.

"Қазіргі уақытта барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысы ҚР ІІМ ӘТД басшылығының бақылауында. Қатардағы жауынгер Е.Мұхтардың ата-анасының талабы бойынша оңалту ем-шаралары аяқталғаннан кейін үйіне шығарылғанын хабарлаймыз. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу мекемесі ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери-медициналық басқармасымен бірлесіп оған мүгедектікті ресімдеу бойынша көмек көрсетеді", - делінген ресми хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар