Freedom Inside '26

Ербаян Мұхтардың мәйітін алып кету кезіндегі жанжалға полиция жауап берді

Ербаян Мұхтардың мәйітін алып кету кезіндегі жанжалға полиция жауап берді
Ашық дереккөз.

Астана полициясы Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметкері Ербаян Мұхтардың мәйітін сот-медициналық сараптама орталығына жеткізу кезінде болған жанжалға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Полиция департаментінің мәліметінше, қызметкерлер марқұмның мәйітін өлімнің нақты себебін анықтау үшін Сот-медициналық сараптама орталығына жеткізуге барған. Ведомство бұл рәсім қолданыстағы заңнамада көзделгенін атап өтті.

«Аталған бейнежазбаға қатысты полиция қызметкерлері қайтыс болған адамның мәйітін Сот-медициналық сараптама орталығына жеткізуді ұйымдастыру үшін барғанын хабарлаймыз. Бұл рәсім өлімнің нақты себебін анықтау және құқықтық шараларды қамтамасыз ету мақсатында заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Қызметтік міндеттерін орындау барысында полиция қызметкерлеріне кедергі келтіріліп, оларға физикалық қарсылық көрсетілді. Сонымен қатар аталған факті бойынша қызметтік тексеру басталды. Оның қорытындысы бойынша оқиғаға қатысқан барлық тұлғалардың, оның ішінде полиция қызметкерлерінің де әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді Астана қаласының полиция департаменті.

Еске салайық, Ербаян Мұхтар әскери қызмет кезінде алған ауыр бас-ми жарақатынан кейін үш жылға жуық уақыт ауыр халде жатқан болатын. Кейін оның қайтыс болғаны белгілі болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Ербаян Мұхтардың өліміне ауыр жарақаттан кейін дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы себеп болған.