Енді мектеп асханаларында оқушыларға аптасына екі рет жылқы еті беріледі

Қаракөз Амантай 19 жел. 2025 10:35

Қазақстанда оқушылардың тамақтану мәзіріне жылқы етін аптасына екі рет, екі порциядан енгізу ұсынылып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айта кетейік, 2025 жылы 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдары үшін бірыңғай тамақтану стандарты енгізілген еді. Аталған стандартты әзірлеу кезінде дұрыс әрі теңгерімді тамақтануға қатысты халықаралық тәжірибе мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының семіздік, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға бағытталған ұсынымдары ескерілген.

Жаңа талаптарда көкөністер мен жеміс-жидектердің үлесін арттыру, тұз бен қант мөлшері жоғары өнімдерден бас тарту, сондай-ақ тәтті сусындардың орнына су, сүт және қышқыл сүт өнімдерін ұсыну көзделген. Сонымен қатар құжатта мектеп мәзіріне жылқы етін аптасына екі рет қосу жөнінде ұсыныс берілген.

Санитарлық талаптар сақталған жағдайда жылқы етін ет тағамдарының барлық түрінде пайдалануға шектеу қойылмайды. Ал нақты мәзірді әрбір білім беру ұйымы өңірлік ерекшеліктерді, ұлттық тағам дәстүрлерін және өнімдердің қолжетімділігін ескере отырып, өз бетінше қалыптастыра алады.

Сондай-ақ жауапта әскери қызметшілердің рационына жылқы етін енгізу мәселесін Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері қолдайтыны айтылған. Дегенмен түпкілікті шешім кешенді ғылыми зерттеулер жүргізіліп, Қазақ тағамтану академиясының қорытындысы алынғаннан кейін қабылданады.

Бұдан бөлек, 2024–2025 жылдары әлеуметтік мекемелер жылқы етін жеткізуге шамамен 250 млн теңгеге жуық сомаға 180-ге тарта келісімшарт жасағаны көрсетілген. Бұл жылқы етінің мемлекеттік сатып алу жүйесінде кеңінен қолданылып отырғанын аңғартады.

Үкімет өкілдерінің айтуынша, қабылданып жатқан шаралар отандық жылқы шаруашылығын дамытуға, жергілікті өндірушілерді қолдауға және мемлекеттік мекемелерде салауатты әрі теңгерімді тамақтану жүйесін қалыптастыруға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар