Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елге қоныс аударуды жоспарлап жүрген азаматтарға ескерту жасады. Ведомство құжат рәсімдеу кезінде қызметін ұсынатын күмәнді делдалдарға ақша бермеуге шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрліктің мәліметінше, Көші-қон комитетіне мемлекеттік қызметтерді ақылы түрде жеделдетуге уәде беретін адамдарға қатысты өтініштер түсіп жатыр. Олар құжаттарды тез рәсімдеуге, тестілеуден өтуге көмектесуге және тиісті органдардың шешіміне ықпал етуге болатынын айтып, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады.
Ведомство мұндай уәделердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
"Қазақстанға қоныс аудару, құжаттарды рәсімдеу және бейімделу – маңызды кезең. Сондықтан тек ресми ақпаратқа сүйену өте маңызды. Көші-қон комитетіне құжаттарды рәсімдеуді ақылы түрде жеделдетуге, тестілеуден өтуге көмектесуге немесе мемлекеттік қызметтерді алуға ықпал етуге уәде беретін делдалдар туралы өтініштер түсіп жатыр", – делінген хабарламада.
Министрлік мұндай адамдардың уәдесіне сенбеуге және оларға ақша бермеуге кеңес берді. Ведомство тестілеудің немесе құжаттарды қараудың нәтижесін ақы төлеп өзгерту мүмкін емес екенін атап өтті.
«Ресми түрде ескертеміз: мұндай уәделерге сенбеңіздер. Бұл бағыттағы мемлекеттік қызметтер белгіленген тәртіппен көрсетіледі. Тестілеу нәтижелерін немесе құжаттарды қарау қорытындысын қандай да бір ақы үшін өзгертуге болмайды. Ең бастысы, бейтаныс делдалдарға ақша бермеңіздер және тек ресми ақпаратқа жүгініңіздер», – деп ескертті министрлік.