Елорданың ірі сауда орындарында Абайдың өлеңі мен қара сөздерін қосып қоямыз – басқарма басшысы

Dalanews 10 там. 2022 12:05 1069

Нұр-Сұлтанда зиялы қауым өкілдері Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері, ғалымдар, маслихат депутаттары, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

– Абайдың сөзі – мыңжылдықтардың еншісі. Сондықтан «Жаңа Қазақстанды» өркендету үшін Абайдың даналық ғибраттарын ісімізде, қарекетімізде, ойымызда қолдануымыз керек.

Бастысы, Абайдың ғибраттарын, кемеңгерлік кеңестерін өмірімізде лайықты пайдалануымыз қажет. Сол кезде ғана біз рухани жетілеміз және «Жаңа Қазақстанды» дамытамыз.

Абай – адамзаттың сөзін сөйлеген адам. Ол адамзат ойшылдарының қатарында тұрған адам. Ол – Пушкин мен Лермонтовты сөйлеткен адам. Абайдың жолы – «Жаңа Қазақстанның» жарқын жолы деп есептеуіміз керек, – деді ғалым Серік Негимов.


Жиналған қауым ұлт перзентіне тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды.

– Жыл сайын 10 тамыз күні дәстүр бойынша Абайдың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі болады. Кейін елордада ауқымды іс-шаралар басталады. Мәселен, мектептер мен ЖОО-ларда танымдық іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар, биылдан бастап ірі-ірі сауда орталықтарында Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің аудио нұсқасы жарияланып тұрады. Бұл күнделікті 15-20 рет шығып тұрады, – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.


Айта кетейік, елімізде 2020 жылы Үкімет қаулысымен 10 тамыз – Абай күні деп белгіленген болатын.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар