Елімізде көкөніс пен жеміс-жидектің бірқатар түрі арзандады

Елімізде көкөніс пен жеміс-жидектің бірқатар түрі арзандады
Фото: ЖИ

19 тамыздағы мәлімет бойынша, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар кейбір азық-түліктің бағасы бір апта ішінде төмендеген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бағаның ең айтарлықтай төмендеуі пияз бен картопта байқалды. Бір аптада пияз 4,9%-ға, картоп 4,1%-ға арзандаған. Сондай-ақ алманың бағасы 2,7%-ға, ақ қауданды қырыққабат 2,2%-ға, сәбіз 1,9%-ға және қияр 1,5%-ға түсті.

Қой еті мен сүйексіз қой еті 0,6%-ға, ал қызанақ 0,4%-ға арзандады. Бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай нанының, қаймақтың, сары май мен тұздың бағасы өзгерген жоқ.

Өңірлер арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы Қарағандыда көбірек төмендеп, апталық арзандау 0,7%-ды құрады. Көкшетау мен Өскеменде баға 0,5%-ға, Қонаевта 0,4%-ға, Жезқазған мен Талдықорғанда 0,3%-ға азайды.

Ал Астана, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Павлодар, Петропавл және Семей қалаларында азық-түлік құны өткен аптамен салыстырғанда өзгеріссіз қалған.

Ел бойынша пияздың орташа бағасы бір килограмына 188 теңге болды. Ең арзан пияз Түркістанда сатылған — килограмы 135 теңге.

Картоптың орташа құны 248 теңгені құрады. Оның ең төмен бағасы Павлодарда тіркеліп, килограмы 180 теңгеден сатылды. Түркістанда картоптың бір килограмы 218 теңге болды.

Алманың ел бойынша орташа бағасы килограмына 776 теңгеге жетті. Ең қолжетімді алма Шымкентте тіркелген — бір килограмы 639 теңге.