- Ең басты талап – Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс жақсы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Осы қарқынды төмендетпеу керек, - деп атап өтті өңір басшысы.
Облыстың әлеуеті айтарлықтай жоғары, алайда ағымдағы жылдың бірінші айында өнеркәсіп, қайта өңдеу, инвестиция тарту сияқты салаларда төмендеуге жол берілген.
Игерілген қаражаттың көлемі бойынша айтарлықтай артта қалуы байқалған. Осы бағытта бюджеттік бағдарламалардың орындалу бойынша жұмыстарды күшейту қажет. Аймақ басшысы бірінші тоқсанның қорытындысы өткен жылдың нәтижесінен кем болмауы тиіс екенін баса айтты.
Жұмыссыздық деңгейі-4,8 пайызды құраса, ол республикалық орташа мәннің деңгейінде. Бірақ бұл ретте облыста өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны әлі де көп. Сондықтан "Қазфосфат" ЖШС және "Еврохим" сияқты жергілікті өнеркәсіптің алыптарымен тығыз жұмыс істеу, өңірге ірі отандық және шетелдік инвесторларды тарту қажет.
Облыс аумағы арқылы үш ірі газ құбыры өтеді десек, бұл өңірдегі елді мекендерді газдандаруда зор мүмкіндік береді. Жиынды осы жайтқа назар аудара келе, облыс әкімі Амангелді газ кен орнының да қарқындылығын арттыру үшін салалық министрліктің көмегімен ауқымды геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді.
Жамбыл өңірі аграрлық аймақ болып табылады. Сондықтан ауыл шаруашылығын ілгерілету облыстың жалпы дамуына ықпал етері сөзсіз. Қазір суармалы жерлердің көлемін ұлғайту бойынша мемлекеттік қолдау аз емес, соны кеңінен пайдалану және оларды пайдалану тиімділігін арттыру қажет.
Басқосу барысында егістіктерді әртараптандыру, рентабельді дақылдарға, майлы дақылдарға көбірек көңіл бөлу, жергілікті қант зауыттарын одан әрі жүктемесін арттыру үшін қант қызылшасының көлемін ұлғайту маңыздылығы да айтылды. Күн тәртібінде көтерілген мәселелердің бірі – көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, ауыл шаруашылығы техникасын уақытында дайындау, жоғары сапалы тұқым сатып алу және отырғызу болды.
Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасының міндетті түрде өз жалғасын табатындығын, ол бастапқы қарқынының төмендемеуін баса айтыпе, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
- Ауыл тұрғындары жыл бойы жұмыспен қамтылып, егін шаруашылығымен де, мал шаруашылығымен де айналысуы керек. Бұл орайда пилоттық жобаға бөлінген 7,2 миллиард теңге толық көлемде игерілуі тиіс. Біз жобаның өміршеңдігін көрсетуіміз керек, бұл алдағы уақытта қаржыландыру көлемін ұлғайтуға және көп адамдардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті облыс басшысы.
Сөзінің соңында Сапарбаев Қордайдағы жанжалға тоқталды.
"Мұндайды болдырмауымыз керек еді. Елдің алдында ұяттымыз. Бұл трагедия біз үшін сабақ болу керек, ендігі жерде мұндайға жол бермеуіміз қажет. Меморгандар, қоғам және зиялы қауым бір жұдырыққа жұмылып еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда қарекет қылуы керек", – деді Сапарбаев.