Жетісу облысында Қазақстан азаматтығын сақтай отырып, елден тыс жерде тұрып келген азаматтың тоқтатылған зейнетақы төлемдері қайта қалпына келтірілді. Оған төленбеген кезең үшін 2,3 млн теңгеден астам қаражат есептелді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жетісу облысының прокуратурасы шетелге кеткен, бірақ Қазақстан азаматтығын сақтаған азаматтардың зейнетақы құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Осы жұмыс аясында прокуратура Көксу ауданы тұрғынының құқықтарын қалпына келтірді. Азаматтың Қазақстан азаматтығын сақтағанына қарамастан, ел аумағынан тыс жерде тұруына байланысты зейнетақы төлемдері тоқтатылған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде зейнетақы төлемдері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қайта басталды. Ал төлемдер тоқтатылған кезең үшін азаматқа 2,3 млн теңгеден астам қаражат есептелді.
Прокуратураның мәліметінше, бұл шешім Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының №79 нормативтік қаулысында көрсетілген құқықтық ұстанымға сәйкес қабылданған.
Аталған қаулыға сәйкес, Қазақстан азаматы заңда белгіленген өзге талаптарды орындаған жағдайда, мемлекеттік базалық зейнетақы және жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алу үшін Қазақстан аумағында тұрақты тұруы міндетті емес.
Жетісу облысының прокуратурасы азаматтардың осындай құқықтарының бұзылу фактілерін анықтау және оларды қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті.
Бұл жұмыс азаматтардың әлеуметтік қамсыздандырылуға конституциялық құқықтарын қорғауға және заң талаптарының біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.