Ел болып кітап оқиық!

Dalanews 25 сәу. 2018 15:41 1624

Ақпарат құралдардың қарыштап дамыған заманында жас оқырмандарымыздың кітап оқуға деген ынтасын ояту бүгінгі күннің талабы. Өйткені ұлттың рухани сауаттылығы кітап оқуға тікелей байланысты. Көркем әдебиеттерге деген қажеттілікті арттырып, жастарды оқуға ынталандыру, кітап оқуды насихаттау үшін әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану  кітапханашылардың алдында тұрған басты міндет болып саналады.



Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы көптеген мәдени іс-шаралар өткізіп келеді. Соның бірі 23 сәуір – Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық қорғау күніне орай, «Ел болып оқиық!» деген ұранмен «Оқитын автобус» акциясын ұйымдастырды.

Шараның мақсаты «Бір ел – бір кітап», «Оқитын өлке» акциясына ұсынылған кітаптарды насихаттау, кітапханаға оқырман тарту,тарихи-мәдени және рухани мұраны сақтау, ана тіліне құрметпен қарау болды.

Елімізде жыл сайын ҚР Мәдениет министрінің қолдауымен, Ұлттық Академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы өткізіліп, жалпы ұлттық оқылымға бір автордың шығармалары ұсынылады. Биылғы акция аясында үш бірдей қаламгердің шығармалары  ұсынылды. Олар – Ш.Құдайбердіұлының «Үш анық», Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» романы, Н.Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» кітаптары таңдалды.

Сондай-ақ «Оқитын өлке» облыстық акциясы аясында өлкемізде жыл бойына оқуға ақын Өтежан Нұрғалиевтың кітаптары таңдап алынған болатын. Яғни осы кітаптар жыл бойы насихатталатын болады.

Кітапхана қызметкерлері «Оқитын автобус» акциясы барысында №15 бағыттағы қалалық автобустардағы жолаушыларға,  автобус аялдамаларында жастарды кітапханаға кітап оқуға шақырып, «Бір ел – бір кітап», «Оқитын өлке» акцияларына ұсынылған авторлардың шығармалары туралы жазылған буклеттерін таратты, кітапхананы насихаттады.

Қазақтың әйгілі жазушысы Ғабит Мүсіреповтың «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» деген сөзін ескере отырып кітапханашылар жолаушыларға өлкелік ақын Н.Қалауовтың «Біз оқитын өлкенің тұрғынымыз» атты өлеңін оқыды. Автобус ішінде акцияның мақсаты жөнінде хабарлап, кітаптарды насихаттап, халықты рухани азықпен сусындауға шақырды.

 

Алтынгүл ЕРМЕКБАЕВА, С.Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар