– Бүгінгі күні қамауға алынғандар арасында тыйым салынған экстремистік ағымдардың 35 мүшесі бар. Мысалы, Алматыда деструктивті діни ағымның қылмыстық бағыттағы бір топ мүшесі ұсталды. Ұстау кезінде қолдануға дайын атыс қаруы табылды. Олар өз әрекеттерін жақсылап жоспарлаған. Бір бөлігі қаланың төменгі бөлігіндегі баррикадаларда, ал екіншісі алаңда болған, – деді Ризабек Ожаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Жалпы еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру күдігімен 467 адам қамауға алынған.
– Бүгінде ведомствоаралық жедел-тергеу тобы терроризм актісі мен жаппай тәртіпсіздіктерді тергеуді жалғасуда. Жұмыстар 8 өңір бойынша, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарында жүргізілуде. Себебі дәл осы аймақтарда адамдар өлімдері орын алды. Мемлекеттік және жеке нысандар қиратылып, өртелді, – деді Ризабек Ожаров.
Оның атап өтуінше, бір айдың ішінде ведомствоаралық топ ауқымды көлемде тергеу жұмыстарын атқарған.
– Жауаптар алынуда, бейнематериалдар зерделенуде. Сараптамалар тағайындалуда, эксгумациялар, мәйіттерді идентификациялау жүргізілуде және олардың қайтыс болу себептері анықталуда. Осы ретте азаматтардың дәлелдемелер жинаудағы белсенді көмегін атап өткім келеді. Біздің «Стоптерроризм» сайтына 1672 файл жүктелген, – деді ол.
Бас прокуратура өкілінің дерегінше, олар «Қаңтар оқиғасына» қатысты видео және фотосуреттерді құрайды.
– Бизнес өкілдері де көмектесуде. Олар бейнебақылау камералары мен жазылған ақпараттарды жіберуде. IT-технологияларды пайдалана отырып, оқиғаларға қатысы бар барлық адамдарды анықтауды жалғастырып жатырмыз. Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен оған қатысу және терроризм актісін жасауға қатысты 467 адам қамауға алынды. Біз олардың жеке басын, отбасылық жағдайын, жасын, денсаулық жағдайын, қатысу дәрежесін, өз істеріне деген көзқарасын және басқа да сипаттайтын деректерді мұқият зерттейміз, – деп атап өтті қадағалаушы орган өкілі.