Прокуратураның араласуынан кейін Екібастұздағы ГРЭС-1 мен вагон жасау зауыты мемлекетке миллиард теңгеге жуық салық төледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы екі ірі өндірістік кәсіпорынның салықтан жалтаруға тырысқанын мәлімдеді. Нақты айтқанда, Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 және Қазақстандық вагон жасау компаниясы салықты толық төлемеген. ГРЭС 421 млн теңге, ал вагон зауыты 550 млн теңге салық төлеуден жалтарған.
"ГРЭС жөндеу жұмыстары кезінде табыс табуға қатысы жоқ тауарлар мен қызметтерді шегерімге жатқызып жіберген. Ал вагон зауытында өнім өткізу көлемі әдейі төмендетілгені анықталды", – деп хабарлады прокуратура өкілдері.
Қадағалаушы орган бұл фактілер бойынша тиісті шара қолданып, салық органдарына ұсыныс енгізген. Соның негізінде камералдық бақылау жүргізіліп, кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен әкімшілік тыңдаулар ұйымдастырылды.
"Нәтижесінде барлық бұзушылықтар жойылып, кәсіпорындар салық міндеттемелерін өз еркімен орындады. Қажетті сома толығымен мемлекеттік бюджетке аударылды", – деп қорытындылады прокуратура.