"Екі сағатта 76 рет қоңырау шалған": Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот тыңдауы өтті

"Екі сағатта 76 рет қоңырау шалған": Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот тыңдауы өтті
Нұрай Серікбай. Фото: ашық дереккөзден

Шымкентте қоғам назарын аударған Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша соттың алдын ала тыңдауы өтті. Сот отырысында прокурор айыптау актісін жариялап, сотталушыға тағылған айыптарды баяндады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы Нұрай Серікбайды еркінен тыс алып қашып, кейін ұзақ уақыт бойы аңдыған. Сондай-ақ қызға бірнеше рет хабарласып, мазасын алғаны айтылды. Іс материалдарында оның кей кездері екі сағаттың ішінде 76 рет қоңырау шалғаны көрсетілген.

Айыптау тарапының мәліметінше, қылмыс болған күні айыпталушы Нұрайды саябаққа баруға шақырған. Қыз оның ұсынысынан бас тартқаннан кейін араларында жанжал шыққан.

Тергеу дерегінде ер адамның Нұрайға бірнеше рет пышақ жарақатын салғаны көрсетілген. Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің денесінен 35 пышақ жарақаты анықталған.