Efes Art Space 2026 жылғы алғашқы көрмесін ұсынады. Occupy Steppe галереясында өтетін «Маужырау» көрмесі заманауи қазақстандық суретшілер Наталья Гуроракшеева мен Алина Жұламанованың жұмыстарын бір кеңістікте тоғыстырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Efes Art Space-тің басты миссиясы – Қазақстандағы шығармашылық ортаны дамыту. Сондықтан биыл біз суретшілерді тікелей қолдаумен қатар, жергілікті арт-бастамалармен серіктестікке ерекше назар аударуды жөн көрдік. Биылғы дәстүрлі сыйлығымызды «Артишок» театрының қабырғасында өткізсек, алғашқы көрмемізді Occupy Steppe галереясында ұйымдастырып отырмыз. Алдағы уақытта Adamdart әлеуметтік театрымен және Gakka арт-кеңістігімен де бірлескен жобалар жоспарланған», – деп Efes Kazakhstan компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Зейнеп Эркан Альп атап өтті.
Efes Art Space-тің бесінші маусымын ашқан алғашқы көрменің атауы қазақтың «маужырау» сөзінен алынған. Бұл – ұйқы мен ояу күйдің арасындағы ерекше сезім, ішкі тыныштық пен алдағы өзгерістерді алдын ала сезінудің сәті. Дәл осы күй екі суретшінің шығармашылық диалогының негізгі өзегіне айналды.
«Бұл көрмеде көрермендер маужырау күйін – ұйқы мен ояу арасындағы нәзік сәтті бірге сезіне алады. Сол күйге еніп, оны тыңдап, өз бойынан алдағы өзгерістердің белгісін табуға мүмкіндік бар», – дейді Efes Art Space кураторы Оля Веселова.
Алина Жұламанова өз шығармаларында адам, табиғат және цифрлық орта арасындағы байланысты зерттейді. Жады мен үздіксіз өзгерістің символы ретінде суды қолдана отырып, суретші заманауи технологиялар мен әлеуметтік желілердің қоршаған әлемді қабылдауымызға қалай әсер ететінін пайымдайды. Оның пейзаждары әлеуметтік желідегі таспаны еске түсіріп, бүгінгі таңда сәттің сұлулығын смартфон экранында қалай көрінетінін ойламай-ақ қабылдай аламыз ба деген сұрақ қояды. Пиксельдену, цифрлық артефактілер мен симуляция әсері көркем тілдің бір бөлігіне айналып, шынайы және виртуалды кеңістік арасындағы шекараның бұлдырлығын көрсетеді.
Наталья Гуроракшееваның жұмыстары адамның ішкі күйіне үңіледі. Оның кейіпкерлері үміт, алаңдаушылық пен нәзіктік арасында тепе-теңдік сақтап, үнсіз күтуде тұрғандай әсер қалдырады. Композицияларда ерекше орын алатын терең қара фон дербес көркем бейнеге айналып, тыныштық, ішкі шиеленіс пен эмоциялық жинақылық кеңістігін қалыптастырады. Ұқыптылықпен құрылған ромбтар мен тор көздерден тұратын өрнектер белгісіздік жағдайында бақылауды сақтауға және ішкі тұрақтылықты табуға деген ұмтылысты білдіреді.
«Біз Efes Art Space-пен бірнеше жылдан бері табысты ынтымақтастық орнатып келеміз және бұл менің кураторлық әрі галереялық тәжірибемнің маңызды бөлігіне айналды. Жаңа бірлескен жоба – жақында ашылған Occupy Steppe кеңістігіндегі көрме. Осы жоба аясында екі жаңа суретшімен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Баршаңызды осы шығармашылық тәжірибенің нәтижесін алғашқылардың бірі болып көруге шақырамыз», – деді галерист Санжар Серікпаев.
Әр түрлі көркемдік тәжірибелерді тоғыстырған «Маужырау» көрмесі көрерменді күнделікті өмірдің қарбаласынан бір сәтке алыстап, ұйқы мен ояу арасындағы сирек кездесетін күйді сезінуге шақырады. Бұл – ойға шомып, толғанып, өз-өзіңмен үнсіз сырласуға мүмкіндік беретін, болашақтағы өзгерістердің лебін сезінетін ерекше кеңістік.
Көрме туралы ақпарат:
Өтетін орны: Occupy Steppe галереясы (Atakent Mall, 1-қабат)
Өтетін мерзімі: 15 шілде – 9 тамыз 2026 жыл
Ашылуы: 15 шілде, сағат 17:00
Көрмеге қатысушылар: Наталья Гуроракшеева және Алина Жұламанова
Кураторлар: Оля Веселова және Санжар Серікпаев