Еден жуушы, сантехник, электрик, аула сыпырушының жалақысын арттыру қажет — депутат

Қаракөз Амантай 05 ақп. 2025 14:00 293

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова бюджеттік мекемелердегі техникалық қызметкерлердің — еден жуушы, сантехник, электрик, аула сыпырушы сияқты жұмысшылардың еңбегін әділ бағалап, жалақысын арттыруға бағытталған бірыңғай жүйе енгізу қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, маңызды мәселені көтерді.

Айтуынша, соңғы жылдары азаматтық қызметкерлердің еңбекақысы жыл сайын орта есеппен 20%-ға өсіп келеді. Алайда бұл өсім өңірлер мен аудандарда біркелкі емес, тіпті бір қаладағы мекемелер арасында да айырмашылық бар. Бұл жағдай техникалық қызметкерлер арасында түсініспеушілік туғызуда.

Осы тұста, депутат жалақының әділетті бөлінуін қамтамасыз ету үшін бірыңғай жүйе енгізу қажет екенін атап өтті. 

Сонымен қатар ол жөндеу жұмыстары үшін қосымша төлем қарастырылмайтынын да қосты. Оның айтуынша, бұл мақсатқа бюджеттен қаражат бөлінгенімен, қарапайым жұмысшыларға қосымша міндет жүктеледі.

“Бұл – еңбек заңнамасына қайшы. Егер бюджетте қаражат қарастырылған болса, техникалық қызметкерлерге жөндеу жұмыстары үшін тиісті төлем төленуі тиіс”, – деді ол.

Оның сөзінше, кей жұмыстарға қосымша ақы төленбейді.

"Тағы бір өзекті мәселе – хлор қолданатын жұмыстар үшін қосымша ақы төленбейді. Бұл мәселеге қатысты нақты шешім қабылданбаған. Сол себепті оны жедел қарастыру қажет", - деп қосты ол. 

Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, азаматтық қызметкерлердің еңбекақы жүйесін жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда бұл өзгерістер техникалық персоналға қалай әсер ететіні әлі белгісіз.

“Ақпараттың жетіспеуі жұмысшылар арасында түсініспеушілік туғызады. Жалақыны арттыру тетігі ашық түсіндіріліп, бірыңғай еңбекақы жүйесі енгізілуі керек”, – деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар ол техникалық қызметкерлердің ауыр еңбегін ескере отырып, жалақыны арттыру әдістемесіне еңбек өтілі, жұмыс жүктемесі және атқарылатын жұмыстың күрделігі сияқты факторлар енгізілуі тиіс екенін айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар