Сәуірдің басында Самарқанд облысында көше тазалауға шыққан 28 жастағы мұғалім Диана Еникееваны көлік қағып, мерт қылған.
Мирзияев мұғалімнің өліміне "өзін кінәлады".
"СОҢҒЫ РЕТ ЕСКЕРТЕМІН..."
"Самарқандтағы мұғалімнің өлімі туралы естідім. Мектеп директоры, әкім екі-үш күн бұрын қонақ келеді деп айтқан. Жүрегімнің түбінде мұғалімнің өліміне өзімді кінәлаймын.
Соңғы рет ескертемін, кімде-кім мұғалімдерді, дәрігерлерді және студенттерді еркінен тыс жұмысқа тартса, қатаң жазаланады.
Қызметінен қуылу былай тұрсын, заң алдында жауап береді. Оның сіңірген еңбектері болар, бірақ оған қарамаймын. Осындай істер қайталана берген соң тағы айтуға мәжбүрмін" деді Өзбекстан президенті.
Мирзияев әр аймаққа сапары алдында әкімдердің көзбояушылық жасайтынын да сынады.
"Әр аймаққа барар алдында ол жақтағы жағдаймен танысамын. Бірақ аймақтарда көзбояушылық көп. Шынымды айтсам, осының барлығы жиіркенішті.
Мұғалімдер мен дәрігерлерді көше тазалауға шығару – маған және елдегі саясатқа жасалған сатқындық.
Елдегі қай көшені жуып, тазалағанын біліп отырамын. Халықты көше тазалауға шығару арқылы сіздер алғыс алмайсыздар, қарғыс аласыздар. Біздің достарымызбен қатар жауларымыз да бар. Сіздер осы істеріңіз арқылы жауларымызға көмектесесіздер" деді ол Сайхунабад ауданының әкімдігінің қызметкерлерімен кездесуде.
Мирзияев әр аймаққа барғанда, жиналыстарда "алдын-ала дайындап қойған адамдардың мақтау мен мадақ сөздерінен" шаршағанын да айтты.
"Шын жүрегімнен айтамын, егер досым болсаңыздар мұндай істерді доғарыңыздар. Бұрыннан бері қордаланған мәселелерді жарты жылда шеше алмайтындарыңызды білемін.
Жиналыстарда арнайы дайындалған адамдар шығып сөйлегенін көргенде еш сенімім қалмайды.
Мен қарапайым халықты, олардың мәселесін тыңдауға келемін" деді ол.
Халықаралық адам құқығы ұйымдары Өзбекстанды бюджеттік қызметкерлерді міндетінен тыс жұмыстарға шығарғаны үшін жиі сынайды. Мұғалімдер мен дәрігерлерді құрылыс, жөндеу жұмыстарына, мақта жинауға, көше тазалауға шығару марқұм болған президент Ислам Каримов тұсында жиі байқалған. 2017 жылы Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов мақта теріп жүрген мұғалімдер мен студенттерді қайтаруды талап еткен.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Қазақстанда да мұғалімдер міндетінен тыс жұмысқа жегілетіндерін, директорлар газеттерге қинап жаздыратынын айтып, жиі шағымданады. 2017 жылы елдегі мұғалімдер Астанадағы ЭКСПО көрмесіне күштеп билет алғандарын жеткізген.
2015 жылы Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы мұғалімдер Азаттыққа Қазақстан президентін сайлауы алдында көше тазалауға бір аптаға сенбілікке шыққандарын айтқан.
Алматы облысының Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылдық мектебінің мұғалімі Айман Сағидулла да бірнеше рет еркінен тыс сенбілікке шыққанын, сайлау кезінде әр үйді аралап, ауыл тұрғындарын сайлауға шақырғанын айтқан. Ол "өзіне қысым жасаған" мектеп директорымен соттасып, жеңген.
Шымкенттің Еңбекші аудандық сотының судьясы Света Нұрбекова №38 мектептің мұғалімі, "міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көргенін" айтқан Гүлжан Сәлімбаева мектеп басшысын сотқа берген. Бірақ сот оның шағымын қанағаттандырмаған.
2017 жылы Қазақстанның әр аймағында тұратын, өздерін «тәуелсіз» атайтын мұғалімдер әлеуметтік желіде ұйымдасып, қысым көрген әріптестерінің құқығын бірігіп қорғай бастады.
Дереккөз: Азаттық радиосы