Таяуда Мароккода концерт берген Дженнифер Лопес басы дауға қалды. Марокко халқының басым көпшілігін мұсылмандар құрайтыны белгілі. Әнші осы бір жайтты ескермей, көпшілік алдында жартылай жалаңаш күйінде ән салып, басы дауға қалды.
Дженнифер Лопес «Әлемнің әуені» деген жобасы аясында дүниежүзінің біраз елінде концерт қоюды бастап кеткен еді. Әншінің Мароккодағы гастрольдік сапары сәтті болмады. Жергілікті халықтың ұғым-түсінігін басшылыққа алмай, сахнаға жартылай жалаңаш күйінде шығып, ағаттық жасаған. Оның үстіне әншінің концерті елдің орталық телеарналарының бірінен таралып, халықтың үлкен наразылығын туғызған. Бөксесін бұлтыңдатып билеген әншінің әрекетіне шыдамаған көпшілік Марокконың Мәдениет министрін отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Егер мәселе сотқа дейін жетсе, әйгілі әнші Марокко заңы бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ ел тарихында мұндай оқиға болмаған.