Димаш Құдайбергеннің әкесіне қатысты қуанышты хабар тарады

Димаш Құдайбергеннің әкесіне қатысты қуанышты хабар тарады
ашық дереккөзден

Димаш Құдайбергеннің әкесі, белгілі продюсер, композитор әрі музыкант Қанат Айтбаев "Парасат" орденімен марапатталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты шарада "ДимашАли" шығармашылық орталығының жетекшісіне жоғары мемлекеттік награда табыс етілді. Марапатты Мемлекет басшысының атынан ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырды.

Рәсім барысында министр Қанат Айтбаевтың қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ оның отандық музыка өнерін әлемдік деңгейде танытуға, қазақстандық шығармашылық мектептің беделін арттыруға сіңірген еңбегіне тоқталды.

Қанат Айтбаев көпшілікке Димаш Құдайбергеннің әкесі әрі продюсері ретінде ғана емес, қазақ музыкасына ұзақ жыл еңбек сіңірген өнер адамы ретінде де жақсы таныс. Ол шығармашылық орталық арқылы жас таланттарды қолдап, ұлттық өнердің халықаралық аренада насихатталуына үлес қосып келеді.

Айта кетейік, "Парасат" ордені ғылым, мәдениет, әдебиет және өнер салаларының дамуына айрықша еңбек сіңірген азаматтарға беріледі. Сонымен қатар бұл марапат елдің рухани және зияткерлік әлеуетін нығайтуға үлес қосқан тұлғаларға табысталады.