Дыбыспен тапсырыс беру дәуірі: Arbuz.kz жаңа технологияны енгізеді

Ақтоты Жапатова 12 қар. 2025 09:49

Жыл соңына дейін Arbuz.kz-те дыбыстық команда арқылы тапсырыс беру мүмкіндігі іске қосылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Freedom Lifestyle жүйесіне Arbuz.kz, Freedom Ticketon және Freedom Travel сияқты қызметтер кіреді. 01.11.2025 жылғы дерек бойынша Freedom Lifestyle клиенттерінің саны 2,8 миллионға жетті. Ал осы қызметтерде төлемді Freedom картасы арқылы жасау 70-80%-ға көбейген.

Arbuz.kz платформасында 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында тапсырыс саны 1 миллионнан асқан. Осы уақыт аралығында Freedom Ticketon-да 4 миллионнан аса билет сатылыпты. Ал Freedom Travel арқылы қаңтар-қазан кезеңінде 3 миллионнан астам билет сатылған. Соңғы кездегі ең жарқын оқиғаларға сатылған билеттің қомақты үлесі Ticketon-ға тиесілі. JLo концерті, “Реал” мен “Қайрат” ойыны сияқты іс-шаралар айқын мысал.

“Біз кейбір іс-шараларда шығынға ұшырадық. Алайда экожүйе ретінде ондайға жол бере аламыз. Біз үшін ең маңыздысы - қолданушылар санын арттыру, нарықтан өз орнымызды алу”, - дейді Freedom Lifestyle атқарушы директоры Ерлан Есімсейітов.

2025 жылдың қазан айындағы мәлімет бойынша Freedom Lifestyle қаржы айналымы 250 млрд теңгеге жетті. Алдағы уақытта экожүйе жасанды интеллект, роботты технология, дронмен тасымалдау сияқты озық қызметтерді ұсынатынын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар