"Атамекеннің" бұрынғы қызметкері, қазіргі Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов төрт бірдей қызметкері жұмыстан кеткен кәсікерлерлер палатасын сынап тастады, деп хабаралайды Dalanews.kz
Respublica партиясынан саяси ұйымның партиялық тізімімен Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланған Айтуар Қошмамбетов “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасын сынға алды. Қошмамбетовтің өткен мансап жолына қарасаң, бұл құрылымға біршама жылдарын арнаған. Ресейде туып, Қазақстанда білім алған Айтуар Қошмамбетов еңбек жолын прокуратурада кіші қызметкерліктен бастаған. Заңдылықтарды қадағалау органында көп аялдамай, бірден кәсіпкерлер палатасына жұмысқа ауысады. Түрлі автобиографиялық платформада оның “Атамекен” кәсіпкерлер палатасында он жыл жұмыс істегені, соның ішінде Алматы қаласында филиалда жетекші болғаны көрсетілген. Депутат осы “онжылдықты” өмірі мен мансабы туралы айтқанда кездесулерде де және өз ортасында мақтанышпен еске алады. Ол 2023 жылы Respublica партиясының Алматы қалалық филиалына жетекші болып ауысты әрі Парламенттің төменгі палатасына үміткерлердің партиялық тізімге енді. Саяси карьерада тасы өрге домалаған Қошмамбетов 2024 жылы 14 ақпанда Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанованың орнын ауыстырды.
Кеше “Атамекен” кәсіпкерлік палатасында кадрлық өзгерістер болды. Палата төрағасы Райымбек Баталов өзінің 4 бірдей орынбасары қызметтен кеткенін хабарлады. Мұнда "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма мүшелері – басқарма төрағасының орынбасарлары жайлы сөз болып отыр.
"Ербол Есенеев, Мұрат Амрин, Тимур Нахипбеков және Ербол Үстеміров 2025 жылғы 28 тамызда Еңбек кодексінің 50-бабына сәйкес өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш берген",- делінген хабарламада.
Айтуар Қошмамбетов бұл оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде пост жазып, Атамекендегі дағдарыс, палалатадағы трансформация неге тоқтап қалды деп шүйлікті. Өзі он жылдан астам басшылық қызметте болған және кәсіпкерлік ұйымының іргетасының “бекіп”, дамуына үлес қосқан Қошмамбетовке не ұнамай қалды? Ол өзінің парақшасындағы шағын постында соңғы жылдары Атамекеннің жұмысынан береке кеткенін және Қаңтар оқиғасынан кейін басқаруға келген жаңа адамдардың қайта жаңғырту, цифрландыру және өзге де уәделердің орындалмағанын тілге тиек етеді.
“Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасында дағдарыс белгілері айқын байқалып отыр. Мұны бизнес саласында көптен бері сезіліп келген үрдістер де растайды. Бір мезетте төрт бірдей басқарма төрағасының орынбасары қызметтен кетуі — басқарудағы жүйелі проблемалардың тікелей белгісі. Ұйымда 10 жыл еңбек еткен кәсіби маман әрі экс-қызметкер ретінде бұл жағдайды назардан тыс қалдыра алмаймын. Бірнеше жылдың ішінде өздері уәде еткен бағыттардың ешқайсысы толық іске аспады. Цифрландыру да, басқарушылық реформа да жоспарланған деңгейге жеткен жоқ”,- деп жазады Мәжіліс депутаты.
«Атамекен» ресми сайтында әлі күнге дейін «Атамекен трансформациясы» деген бөлім тұр. Палата бизнеске бірнеше маңызды бағытта өзгеріс уәде еткен болатын: бірыңғай цифрлық экожүйе құру; палатаның саяси және экономикалық салмағын арттыру; келіссөз жүргізу қабілетін күшейту, нормативтік актілерге ықпал ету; жұмыс моделін жаңарту, демократияландыру, ашықтық, икемділік. Алайда бұлардың қайсысы жүзеге асты, дегенді қосады Айтуар Қошмамбетов.
Палата төрағасы Райымбек Баталовқа осылай ренішін жеткізген депутат Палата басшысының атына ашық хат жазғанын да қоса кетеді. Тіпті сол хатты және оның жауабын да қоса жүктеген. Заң шығарушы органда өзін палата төрағасынан жоғары қоятын және бір кісідей амбициясы бар Respublica өкілінің ашуланатын жөні бар. Себебі орың ашық үндеуіне Баталовтың өзі емес оның орынбасары жауап беріпті. Әлбетте мұндай құрметсіздік қандай сынға болса да түрткі болатыны заңдылық.
Сөз соңында бұрынғы атамекендік маман Палатада кәсіпкерлер үшін шын жанашыр мамандар бар, алайда жоғарғы басшылық тарапынан бизнеске ауыр тиген тұстарда үнсіздік көбейген, мұндай «тәтті уәделер» бизнестің қажетіне сай келмейді, деп түйреп өтеді. Автор мәселені жабулы күйінде қалдыруға болмайтынын, керек болса Ұлттық экономика министрлігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және өңір әкімдіктеріне ресми сұраулар жолдайтынын да айтады. Қызды-қыздымен Қошмамбетов жақын күндері Бас прокуратураға, Жоғары аудиторлық палатаға және Қаржылық мониторинг агенттігіне де шағымданатынын айтып, Райымбек Баталовқа “ескерту сигналын” жіберуді де ұмытпайды. Әңгіме барлық цифрлық жобаларға қатысты презентациялар, бюджет шығындары, келісімшарттар, және тексеру нәтижелері ашық түрде жариялануы тиіс, деп түйіндейді.
Әрине заңсыздықтар немесе жүйелі жұмыс жоқ болса, оны көзге шұқып көрсетіп, жариялы түрде сынға алғанның еш әбестігі жоқ. Палата төрағасы Райымбек Баталов үнсіз қалмайды деп ойлаймыз.
Dalanews.kz ақпарат агенттігі бұған дейін Айтуар Қошмамбетов жұмыс істейтін Respublica партиясындағы кадрлық өзгерістер туралы жазған болатын. “Атамекен” кәсіпкерлік палатасында жұмыс істеген ондаған кадрдың, оның ішінде басшылық құрамда болған азаматтардың осы саяси ұйымға жаппай қызмет ауыстырғаны белгілі. Кәсіпкерлер палатасындағы мамандарды өзімен алып кеткен Қошмамбетовтің бизнесмендер ұйымын сынауға қандай моральдық құқығы бар?! Қазір елде барлық салада білікті кадрлар тапшылығы білініп отыр. Ендеше Мәжіліс депутаты, Respublica партиясы фракциясының мүшесі күндердің бір күнінде қызметтен кеткенде өзі тер төккен саяси ұйымның да жұмысына көңілі толмай, сын садағына алып, кемшіліктерді көрсетеді деп сенейік!
