Депутат Базарбек: "Олигархтарға талап қоя аласыз ба, Сәтқалиев мырза?"

Қаракөз Амантай 03 сәу. 2024 15:25 2806

Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке сауал жолдап, елдегі маңызды мәселені көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол өткен жылы жылумен жабдықтау объектілерінде орын алған келеңсіз жайттарға байланысты жауапты тұлғаларға қандай жауапкершілік жүктелгенін сұрады.

"2022-2023 жылдары жылумен жабдықтау объектілерінде бірқатар ірі техникалық ақау болды. Оған меншік иелерінің, яғни олигархтардың кәсіпорындарды қолдау және жөндеу жұмыстарына дұрыс қаражат бөлмеуі себеп болды.

Сондықтан депутаттар заң жобасында Екібастұз, Риддер және басқа қалаларда болған қайғылы оқиғалар қайталанбас үшін, жылумен жабдықтау объектілерінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында акционерлердің меншік иелері – сол олигархтардың жауапкершілігін бекітуді ұсынды. Осы мәселе бойынша өз ұстанымыңызды білдірсеңіз. Сіз бұл олигархтарға қатаң талап қойып, жауапкершілік жүктеуге дайынсыз ба?", – деп сұрақ қойды Бақытжан Базарбек.

Ал энергетика министрі кәсіпорын иелерінің құқығына байланысты арнайы заң бекітілгенін және жауапты тұлғалардың үстінен іс қозғалғанын да атап өтті.

"Акционерлердің құқықтарын қорғауға байланысты норма бар және кәсіпорын акционерлерінің бір бөлігінің бұл объектілерді басқару мүмкіндігі жоқ. Яғни, бізде IPO-ға шыққан кәсіпорындар бар, көптеген акционер бар және белгілі бір энергетика нысанының жұмыс істеуі үшін барлығына жауапкершілік жүктеу сай келмейтін тәрізді.

Сонымен қатар, белгілі бір апаттарды тексеру барысында қылмыстық істер қозғалып, жауапты тұлғалардың бір бөлігі заңға сәйкес жазаланды. Инвестициялық бағдарламаларды орындау бойынша міндеттемелердің бұзылуына жол бермеу мақсатында акционерлердің қаражат алу мүмкіндігіне жеткілікті терең тексерулер жүргізілді. Монополиясыздандыру жөніндегі комиссия шеңберінде немқұрайлы меншік иелерінен активтерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша шаралар қабылданды. Өздеріңіз білетіндей, Екібастұз ЖЭО, Риддер ЖЭО және басқа да бірқатар нысан мемлекетке қайтарылды", – деп атап өтті Сәтқалиев.

Айта кетейік, бүгін мәжіліс отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелері  бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасы талқыланды.

Еске салайық, Бақытжан Базарбек елдегі маңызды мәселелерді жиі көтереді. Бұған дейін ол Қазақстанның миллиондаған гектар ұлан байтақ жері жеке адамдарға заңсыз өтіп кеткенін айтқан болатын.

"10 миллион жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. 10 миллион бостан-бос жер емес. Қарағанды облысында 1 миллион гектар жер бір ЖШС-ның қолында. Көбі "қарапайымнан жерді аласыздар да, үлкен дөкейлерден алмайсыздар" дейді. Бұл жұмыс енді басталды. Бүкіл әкімдіктің бақылау функцияларын жер ресурсын басқару комитетіне енді ғана қайтарды. Оған арыз жаздық. Сөйтіп, жеңіске жетіп, толық өкілеттілікті бердік", - деген болатын Базарбек.

Сонымен қатар ол 2021 жылдан бастап ҚазҰУ жері, Алматының Іле-Алатау саябағының жері, таулары, алма бақтары жекенің қолына өтіп кеткенін де жеткізді. Оның ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жері әлі күнге дейін қайтарылмай жатқанын мәлімдеді. Бұған тікелей Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің қатысы бар деп көрсетті.

"2022 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы департаментіне өз атымнан… 2018-2019 жылдары Бауыржан Байбек әкім болып тұрған кезде қаулы қабылдаған. 2017-2019 жылдар аралығында 8-ге жуық қаулы қабылдаған. Соның салдарынан ҚазҰУ жері, алма бақтары, таулы бөктердегі жерлер өтіп кеткен. Соған байланысты қылмыстық іс қозғау туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тиісті арызды жолдадым. Бірақ өкінішке қарай, ҚазҰУ жеріне байланысты Алматы қаласының антикор департаменті істі қозғаудан бас тартты", – деген еді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар