Денсаулық сақтау министрлігі республикалық психиатриялық ауруханаға тексеру бастады

Денсаулық сақтау министрлігі республикалық психиатриялық ауруханаға тексеру бастады
pixabay.com

Денсаулық сақтау министрлігі БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланған пациенттердің жағдайына қатысты шағымдардан кейін Республикалық мамандандырылған психиатриялық ауруханаға кешенді тексеру жүргізетін болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрліктің мәліметінше, соңғы уақытта мекемедегі науқастарды ұстау жағдайына қатысты бірқатар жарияланым тараған. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне аурухана қызметін жан-жақты тексеруді тапсырған.

Тексеру барысында мамандар медициналық құжаттаманы, емдеу процесінің ұйымдастырылуын, пациенттердің ұсталатын жағдайын, лауазымды тұлғалардың әрекетін және ем қабылдап жатқан азаматтардың құқықтарының сақталуын бағалайды.

Министрлік мәліметінше, тексеру жұмыстарына өз құзыреті аясында прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппараты да тартылады.

Ведомство тексеру қорытындысы бойынша барлық дерекке объективті баға берілетінін атап өтті. Егер заңбұзушылықтар анықталса, кінәлі тұлғаларға қатысты заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Министрліктің мәліметінше, бұл – Қазақстандағы осындай бейіндегі жалғыз мамандандырылған медициналық мекеме. Мұнда сот шешімімен мәжбүрлі медициналық ем тағайындалған пациенттер ем қабылдайды.

Сондай-ақ ауруханада ерекше емдеу-қорғау режимі қолданылады. Ол пациенттердің, медицина қызметкерлерінің және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, емдеу мен оңалтуға қажетті жағдай жасауға бағытталған. Ведомствоның дерегінше, бұл мекемеде емделіп жатқан пациенттердің 80 пайыздан астамы бұрын адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған.