Демограф: "10 жылдан кейін қазақтардың үлесі 80 пайызға жетеді"

Dalanews 24 қаз. 2018 04:55 1205

Демограф-ғалым Александр Алексеенко сөй депті.


Sputniknews-ке сұхбат берген ғалымның айтуынша 60-шы жылдардың басында қазақ әйелдері топырлатып туған. Бір отбасыда 6-7 жүгірмектен кем болмайтын. Қазіргі қазақ әйелдері 2-3 баламен шектеліп жүр. 


 – Сол кезгі қарқын мен қазіргі қазақ отбасындағы бала санын салыстырсақ туу көрсеткіші әжептәуір төмендегенін көреміз, - дейді Алеексеенко. 


Дегенмен де ғалымның болжамынша енді 10 жылдан кейін Қазақстандағы халықтың ұлттық құрамы өзгеріп, қазақтардың өз жеріндегі үлес салмағы 80 пайызға жетеді. 


Өзге ұлттар 20 пайыз, оның ішінде орыстар – 15 пайыз, өзгелері – 5 пайыздың  төңірегінде тұрақтайды. Айтпақшы, әлгі 5 пайыздың ішінде өзбектер көп дейді ғалым. 

 Демограф 10 жылдан әріге көз жүгіртіп, 20 жылдан кейінгі Қазақстандағы халықтың ұлттық құрамы қалай өзгеретінін айтыпты.


– Бұдан кейінгі өзгерістер жүрдек жүреді. Қазақстанда тұратын қазіргі жас шамасы 40-50-дің төңірегіндегі орыс ұлтының алды қартайып, ана өмірге аттана бастайды. 


Елдегі халық санының өсуіне, тұтастай алғанда туу көрсеткішіне қазақтар ықпал ететін болады. 


Енді 20 жылдан кейін қандай да бір сыртқы фактордан сақтаса, қазақтар Қазақстандағы халық санының 90 пайызын құрайтын болады. Орыстардың үлесі 5-7 пайыздың шамасында қалады. 


Мұндай мемлекетті моноұлтты деп айтуға әбден негіз бар.

Былайша айтқанда  - Қазақстандағы орыстар қауырт қартайып,  қазақтарда демографиялық дүмпу болады, - дейді ол. 


Алексеенконың айтуынша 80-ші жылдары да қазақ арасында туу көрсеткіші жоғары болған. Әзір сол жылдары өмірге келген буынның балалары аяқтанып, туудың үшінші толқыны басталып кетті.  


– Қазақстанның моноұлтты мемлекетке айнала бастағаны қазірден-ақ аңғарылады. Қазақтар ешкімге тізесін батырып жатқан жоқ, алайда. Бәрі өз ретімен, табиғи түрде жүріп жатыр.


Бұл үрдіс 50-60 жылдары басталып кеткен. Сол жылдар қазақ демографиясы үшін "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" уақыт болды.


1960-1990 жылдардың аралығындағы айналасы 30 жылдың ішінде қазақтың саны 2,5 жарым есеге өскен, – дейді ол. 


Айта кетелік, қазір Қазақстанда 18 миллионнан аз асатын халық тұрады. 


Былтыр жылдың алғашқы 6 айында елден 15 мың адам көшіп жетсе, биылғы жылғы дәл осы аралықта – 17 мың адам қоныс аударған. Көшкендердің 90 пайызы ТМД елдерінен тұрақ тауыпты.


Ал Алексеенко солай депті. Солай боларына сенейік. Әумин!

Фото: lifeisphoto.ru


Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар