Ретрофестиваль ұлттық реңк қажет
Дариға Нұрсұлтанқызының қаншалықты дарынды әнші болғанына баға бере алмаймын. Бірақ масс-медиа саласында білікті ұйымдастырушы болғаны сөзсіз. Әншілікке қатысты айтарымыз. Ол еліміздегі ірі телеарна «Хабар» агенттігіне жетекшілік жасаған соң, айналасындағылардың ықпалымен сахнаға шыққан болуы керек. Егер ол әншіліктің соңына түссе, бүгінгідей халықтың ықыласына бөленбес еді.
Дариға Назарбаеваның өнерде жүріп тындырған маңызды шаруасы ретінде жыл сайын өтіп тұратын «Алматы – менің алғашқы махаббатым» ретрофестивальін атауға болады.
Бір әттеген-айы аталмыш ән байқауында орыс пен шетелдің әндерінің десі басым түсіп жатады. Алдағы уақытта Дариға Нұрсұлтанқызы осы байқауға ұлттық реңк берсе орынды болар еді. Сонымен қатар шетелден ән шақыртуға шектеу салудың да мәні зор. Өйткені, аталмыш ән байқауы мен Дариғаның есімі ұдайы қатар аталады. Осы бір болмашы дүниелер болашақта Дариғаның саяси карерасын көлеңке түсіруі мүмкін.
Егер біздің айтқан ұсыныстарымыз назарға алынса, вице-премьер бұрынғыдан бетер халықтың сүйіспеншілігіне бөленері хақ. Байқауды дұрыс бағытқа бағыттайтын болса, Дариға ханымның атақ-абыройын асыруға септігін тигізетіні сөзсіз.
Ақпарат саласының білігірі
Қазіргі саясатта ақпарат саласында Дариға Нұрсұлтанқызындай зор тәжірибе жинаған саясаткер кемде-кем. Ол негізін қалаған «Хабар» телеарнасы бүгінде мемлекеттік саясатты насихаттайтын негізгі бұқаралық ақпарат құралына айналып отыр. Егер де Дариға Назарбаева масс-медиа саласына қызығушылық танытпағанда Қазақстанның ақпараттық кеңістігі қазіргі деңгейге көтерілер ма еді? Бір ғана «Хабар» арнасының негізінде біраз радиостансалар мен басылымдар пайда болғанын білеміз. Бүгінде олар еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді.
Мемлекет басшысының қызы ақпарат майданында жүріп Қазақстандағы саяси плюрализмнің орнауына да бір кісідей үлес қосқанын айтуға тиіспіз.
Дариғаның үлкен саясаттағы екі жобасы
Кейіпкеріміз ақпарат саласын басқарып, саяси жағдайлардан тыс қалды деп айта алмаймыз. Ол БАҚ саласын тізгіндегенде ауыз толтырып айтатын екі саяси мәні зор істі қолға алды. Біріншісі, «Асар» партиясын құрды. Дариға Назарбаеваның еліміздің саяси өміріне белсене арласуы осы кезеңде басталды деп айтқан жөн шығар. Кезінде «Асар» партиясы маңына көптеген жастарды топтастырып, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына қолдау білдіргенін білеміз.
Кейіннен еліміздегі саяси партиялардың басым бөлігі Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын қолдағандықтан, олардың бәрі қазіргі «Нұр Отан» партиясының қанатының астына өтті. Сол кезде Дариға Нұрсұлтанқызы құба жолда бұра тартпай, өзінің еліміздегі саяси ауызбірлікті жақтаушылардың бірі екенін нақты іспен дәлелдеп, саяси партиялардың бірігуін құптады.
Осы бір кезеңде кейбіреулер Мемлекет басшысының қызы өзінің саяси амбициясын қоғамдық-саяси ортаға ашып көрсететін кез келді деп жорамал жасаған еді. Бірақ жағдай олардың күткеніндей болған жоқ. Қайта ол елдегі саяси қызуды басып, қазақ қоғамында саяси тұрақтылықтың аса қажет екенін түсініп, маңызды шешім қабылдады.
Дариға Нұрсұлтанқызының ауыз толтырып айтатын екінші бір саяси шарасы «Еуразиялық медиа форумды» ұйымдастыруын атап айтуға болады. Бұл шара Қазақстанды айдай әлемге танытқан маңызы зор халықаралық жиындардың бірі болғаны даусыз.
Іс-шараның халықаралық саясаттағы беделін арттыруға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп қатысуы да оның абыройын асыра түсті. Әрине, «Еуразиялық медиа форум» барысында нақты саяси шешімдер қабылданбаса да, халықаралық саясатта талқыланбай қордаланып қалған маңызды мәселелер журналистер мен белгілі саясаткерлердің кеңінен талқылап, өзекті мәселелердің көбесі сөккеніне куә болдық. Осылайша форум журналистер, сарапшылар және саясаткерлердің қатысуымен өтетін Еуразия кеңістігіндегі маңызды басқосуға айналғаны белгілі.
Медиа форумның мінбесінде Таяу Шығыс, Ирактағы саяси жағдайлар және Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесі кеңінен сөз болғаны есімізде. Осы іс-шарадан кейін Қазақстан ЕЫҚҰ-ға төрағалық қызметін сәтті атқарып, бірқатар халықаралық ұйымдардың жиындарын Астана төрінде өткізуге мүмкіндік алды.
Мәжілістегі кезең
Ардағы біраз үзілістен кейін Дариға Назарбаева өзінің саяси мансабын Мәжілісте жалғастырды. Ол Мәжіліс Төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілді.
Өткен шақырылымда заң шығарушы органда өктемсіген Үкімет мүшелерін тезге салып, орнына қоятын депутаттар өте аз еді. Өз кезегінде Дариға Нұрсұлтанқызы Мәжілістегі жиындардың ширақ өтуіне біршама үлес қосқанын білеміз.
Ол Мәжіліс мінбесін өнімді пайдаланып, халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді Үкімет мүшелеріне төтесінен қою ьілді. Дариға Назарбаева депутаттық мандатқа ие болғалы бері әлеуметтік-экономикалық мәні зор талай мәселелерді көтерді.
Айталық, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттің қыруар қаржысы текке шашылуына тосқауыл қойды. Кезінде Денсаулық сақтау министрлі болған Салидат Қайырбекова Мәжіліс депутаты тарапынан сынға ұшырап жыларман күйге түскені де есімізде.
Бұдан басқа Дариға Нұрсұлтанқызы реформадан көз ашпаған білім саласын да сынға алып, сересіп тұрған сеңге қозғау салды. Белсенді депутат Мәжіліс мінбесінен халықтың арыз-арманын айтудай-ақ айтты.
Бүгінде ол өзі көтерген әлеуметтік мәселелерді толық шешетін мүмкіндікке ие болып отыр. Оның кез келген әлеуметтік мәселенің көтеріп, оның оң бағытта шешуге ықпал ететін әлеуеті толық жетеді. Сондықтан Дариғаға халықтың артып отырған сенімі зор.
Нұрлан ЖҰМАХАН