Freedom Inside '26

Дәрігерлер дабыл қақты: Қазақстанда жол апаты күрт көбейген

Дәрігерлер дабыл қақты: Қазақстанда жол апаты күрт көбейген
pixabay.com

Қазақстанда соңғы үш жылда жол-көлік оқиғалары 127,5%-ға артса да, апаттан көз жұмғандар саны 8,4%-ға азайды, деп хабарлайды Dala News.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осы кезеңде тіркелген жол апаттарының саны 15,8 мыңнан 36,1 мыңға дейін өскен. Зардап шеккендер саны да 19,5 мыңнан 49,2 мың адамға жетіп, 2,5 есеге артқан.

Соған қарамастан, жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 2543-тен 2330 адамға дейін төмендеген.

Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас травматологы, академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының басшысы Олжас Бекәрісовтің айтуынша, жолдағы қауіпсіздік мәдениетінің төмендігі мен профилактикалық жұмыстың жеткіліксіздігі жол апаттарының көбеюіне әсер етіп отыр.

Ведомство дерегіне сәйкес, соңғы он жылда жарақаттардан, уланудан және жазатайым оқиғалардан болатын өлім көрсеткіші екі есеге жуық төмендеген.

Мамандар апаттан кейінгі алғашқы сағаттарда болатын өлім-жітімді азайту үшін жедел жәрдемнің жету уақытын қысқарту, медициналық ұйымдардың дайындығын күшейту және трассалардағы шұғыл көмек инфрақұрылымын дамыту қажет екенін атап өтті.

Осы мақсатта 2026-2030 жылдарға арналған жол-көлік жарақаттарының салдарын азайту жөніндегі ведомствоаралық жоспар іске асырылып жатыр.