«Даму Оптима» бағдарламасы іске қосылды

Dalanews 19 шіл. 2016 17:36 1238

«Даму Оптима» – «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының мақсатты тобына кірмейтіндер үшін арналған. Бұл жаңа құрал сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану орындары секілді салалар үшін қолжетімді болады. «Даму Оптима» бағдарламасы банк алдында кепілзаты жетпейтін кәсіпкерлерге «Даму» Қорының кепілдемесін пайдалана отырып несие алуға мүмкіндік береді.
Несие алу барысындағы кепілзат жетіспеушілігі көп кәсіпкерлер үшін қолбайлау болып отыр. Егер бұған дейін экономиканың басымдық берілген салалары бойынша жобаларын жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының аясында «Даму» Қорының кепілдемелерін пайдаланып келсе, бұл бағдарламаның мақсатты тобына кірмейтіндер үшінші жақтың кепілдемесіне жүгінуге мәжбүр болған. «Даму Оптима» осы олқылықтың орнын толтырады. Енді кез-келген саладағы кәсіпкер «БЖК 2020» бағдарламасы немесе «Даму Оптиманы» таңдау арқылы «Даму» Қорының кепілдемесін ала алады, –  деді «Даму» Қорының Басқарма төрағасы Қаныш Тулеушин.

Бизнесі бар кәсіпкерлер үшін несиеге кепілдеме беру талаптары:

Кепілдеме мөлшері – несие сомасының 50%-нан аспауы керек. Айналымдағы қаражатты толықтыруға 36 айға дейінгі кепілдемемен 60 млн теңге, инвестиция салу үшін 60 айға дейінгі кепілдемемен 180 млн теңгеге дейін беріледі.

Франшиза бойынша іс бастағысы келген кәсіпкерлер үшін несиеге кепілдеме беру талаптары: Кепілдеме мөлшері: 20 млн теңгеге дейін. Несие сомасының 70%-нан аспауы керек. 20 млн теңгеден жоғары болған жағдайда несие сомасының 50%-нан аспайды.

Несие 80 млн теңгеге дейін беріледі. Кепілдеме мерзімі –  айналымдағы қаражатты толықтыру үшін 36 айға дейін, инвестиция салуға 60 айға дейін.

Бағдарламаны жүзеге асыру үшін «Даму» Қоры өз қаражатынан 2,8 млрд теңге бөледі. Екінші деңгейлі банктердің бірқатары аталған бағдарламаға қызығушылық танытуда. «Даму» Қоры  Қазкоммерцбанк, АзияКредитБанк, Евразия банкі және Банк Астана секілді бірқатар екінші деңгейлі банктермен келісімге қол қоюды жоспарлап отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар