Бюджет қаржысын жымқырған адам Ресейден экстрадицияланды

Сағыныш Сардарова 22 қыр. 2025 09:50

Ресей Федерациясынан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған күдікті экстрадицияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Ресей Федерациясынан бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікке ілінген адам экстрадицияланды.

Тергеу барысында ол құрылыс компаниясының басшысы бола отырып, 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы жалған шарттар жасасып, аффилирленген компаниялар арқылы ақша аудару жолымен "Самұрық-Энерго" АҚ-ның еншілес ұйымынан 8,5 млрд теңгеден аса бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды.

"Бұл қаражат Ақмола облысында жел электр станциясын салуға арналған болатын. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. Биыл ақпанда ол Ресей Федерациясы аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша оны экстрадициялау туралы шешім қабылданды", - деп жазылған прокуратура хабарламасында.

Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар