Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы қайғылы оқиға болған түні видеоға түсіріп, бір сұрақты 175 рет қойған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Нүкенованың отбасының адвокаты айтты.
"Сот процесіне дайындалу барысында Нүкенованың телефонындағы видеоларды сараптадым. 9 қарашаға қараған түнді еске алсақ, түсірілген видеоларда айыпталушының кінәсін анық көрсететін дәлелдер бар. Онда Бишімбаев 20 минутта 175 рет "Айтшы, сен Райымбек Баталовпен бірге болдың ба (төсек қатынасы)?" рет сұраған", - дейді адвокат.
Еске салайық, бұған дейін Бишімбаев ісінде есімі аталған кәсіпкер Райымбек Баталов мәлімдеме жасаған болатын. Сот отырыстарының бірінде экс-министр Қуандық Бишімбаев "әйелін бұрын Райымбек есімді танымал кәсіпкермен жақын қарым-қатынаста болған" деп те айыптады. Райымбек Баталов өз есімін дүйім жұрттың алдында қаралаған Бишімбаевтың соттағы айғақтарынан кейін мәлімдеме жасауға бекінген.
Сот отырысында судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтың ұялы телефонынан сұмдық кадрларды зерделеп шықты. Видеоларда Бишімбаев әйелін балағаттап, қайта-қайта "Райымбек Баталовпен төсектес болдың ба?" деп сұрақтың астына алғаны естіледі.
Ал Баталов сот отырысына қатысты соңына дейін үн қатқысы келмегенін айтты. Оның сөзінше, атына нұқсан келтіретін сұмдық ақпараттар мәлімдеме жасауға мәжбүр еткен.
"Ауыр қылмыс жасады деген айыпталушының маған қатысты айтқаны - бос сандырақ, өтірік. Сіздерді бұл өтірікке сенбеуге, БАҚ өкілдері мен блогерлерді жалған ақпарат таратпауға шақырамын. Осындай қайғыға тап болған Салтанаттың туыстары мен жақындары қызының абыройын қорғауға мәжбүр болғаны өте өкінішті. Бұл сұмдық. Нүкеновтар отбасына шын жүректен көңіл айтамын", - деді Баталов.
Бұған дейін кәсіпкер Райымбек Баталовтың әйелі Ленара Баталова да Бишімбаев ісіне қатысты пікір білдірген еді.