Бишімбаев мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаланбайтын болды

Сағыныш Сардарова 17 сәу. 2024 09:49 2463

Экс-министр Қуандық Бишімбаев жүргізуші куәлігінен айырылмайды. Өйткені ол сотта мас күйде көлік тізгініне отырғанын мойындаған еді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бишімбаев алкогольге, есірткіге мас екенін дәлелдейтін куәландырудан өтпегені айтылған. Сондай-ақ, ІІМ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 608-бабы бойынша құқықбұзушылықтың құрамдас бөлігі мас күйде көлік тізгіндеу екенін еске салды.

"Медициналық куәландырудың ресми қорытындысы және ӘҚБтК-нің 608-бабында көзделген құқықбұзушылық құрамы болмаған, сондай-ақ, жауапқа тартудың мерзімі өткен кезде (ӘҚБтК-нің 62-бабы) адам осы бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылмайды", - деді ІІМ өкілдері Tengrinews.kz-ке ресми жауапта.

4 сәуірде жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбахованың сұрақтарына жауап берген Бишімбаев 9 қарашаға қараған түні "орташадан сәл жоғары" мас болғанын, бұл оның тізгінге отыруына кедергі болмағанын айтты.

"Яғни, сіз мас күйде көлік жүргіздіңіз, мен сізді дұрыс түсіндім бе?" - деп сұрады Оразбахова.

"Иә", - деп жауап берді Бишімбаев.

Ал бұған дейін ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Сенат кулуарында экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевты ұстау кезіндегі полицейлердің әрекетіне қатысты пікір білдірді.

Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында полицейдің жетонынан видео көрсетілген болатын. Журналистер кулуарда жауапты өкілден полицияның әрекеті қаншалық заңды болғанын, "неліктен Бишімбаевтың қолынан кісенді шешіп, темекі шегуіне рұқсат бергенін" сұрады. Сонымен қатар, құзырлы орган қызметкерлері Бишімбаевтан марқұм Нүкеноваға қатысты "өзі қанды ішті ме?" деп сұраған.

Журналистерге берген жауабында Игорь Лепеха бұл дерек тексерілетінін жеткізді.

"Жетондағы видеоны көрген жоқпын, зерттеп көрейік. Олар темекі шегуге рұқсат бермеуі керек еді, бірақ қолындағы кісенін шеше алады. Арнайы ережелері бар. Яғни ол көлікке дейін кісенмен баруы керек, ал көлікке отырған кезде кісенді шешіп тастай аламыз. Бұл - қалыпты жағдай, себебі ертең бізді азаптады деп кінәламауы қажет. Бұл жерде оғаш ештеңе көріп тұрған жоқпын. Ал темекі шегуге келер болсақ, қарап, зерттеу керек. Біздің барлық әрекетімізге баға беретін тиісті бөлімшелер бар", - деді Игорь Лепеха.

Сонымен қатар, ведомство өкілі баға беретін бөлім басшысына жеткізетінін мәлімдеді.

"Олардың тиісті басшысы бар, оларға осы әңгімені жеткіземін. Олар зерттейді", - деді министрдің орынбасары.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар