Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында шымкенттік көріпкел куәлік етті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Прокурор Айжан Аймағанова көріпкел жеке деректерін жария еткісі келмейтінін айтып, сот отырысы барысында судьядан оның тек дауысы естілуіне жағдай жасалуын сұрады. Көріпкел өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеген.
Сот отырысы барысында көріпкел Бишімбаевты 1,5-2 жылдан бері анасы арқылы білетінін айтты.
"Екі айда бір рет қоңырау шалып, жұмысы, кәсібі туралы сұрайтын. Мен тарологпын, ол бірдеңе білгісі келсе, "қарап көріңізші" деп жүгінетін", - деді ол.
Сонымен қатар, көріпкел марқұм Салтанат Нүкенова қайтыс болған күн туралы баяндап берді.
"Ол хабарласты. Нақты уақыты есімде жоқ. Менің қолым бос емес еді. Бірақ тұтқаны көтердім. Ол "Салтанат екеуміз қатты мас болып, төбелестік" деді. Бұл шамамен түстен кейінгі уақыт еді. 15.00-16.00 еді. Оның ішімдік ішкені байқалып тұрды. Қатты мән бермедім. Ол "қарап беріңізші" деді. Мен "дәрігерге хабарлас, жедел жәрдем шақыр" дедім. Ол "қайта-қайта қарап көріңізші" деді. Өте қысқа әңгіме болды. 30 секундтай. ..."Кеше қатты ішіп, қатты төбелестік" деді. "Мен не істейін?" дедім. Дауысы күндегідей емес еді, әр сөзін таңдап айтты. Мен "жедел жәрдемге хабарлас" дедім", - дейді куәгер.
Көріпкелдің сөзінше, Бишімбаев Салтанаттың ұйықтап жатқанын, қорылдап жатқанын айтқан. Сондай-ақ, қозғалмайтынын, тұрмайтынын, ештеңе ішіп-жемегенін жеткізген.
Одан бөлек куәгер Бишімбаев жеке қарым-қатынасына қатысты мәселеде, отбасылық тақырыптарда психолог көмегіне жүгінгенін айтты. "Өте әдемі екенін, оны сүйетінін айтты (Бишімбаев Нүкенова туралы - еск.)", - деді ол.
Көріпкел жауап беру кезінде Бишімбаевпен сөйлескенде бірнеше рет "жедел жәрдемге хабарлас" деп кеңес бергенін қайталады.
"Оған қайта-қайта "жедел жәрдем шақыр, дәрігерге бар" дедім. Ол мас болатын, бірнеше рет қоңырау шалды, мен тұтқаны көтермедім. Ол "оның жағдайы жақсы екенін жазыңызшы" деді. Ол (Бишімбаев - еск.) өзі сондай, адамтөзгісіз еді.
...Бір кезде "жоқ, ол есін жинайды, қайдағы жедел жәрдем?" деді. Мен оны мас деп ойладым. Содан кейін "ол қалай?" деп сұрады. Мен оған "жедел жәрдем шақыр, дәрігерге бар" дедім. Осы сөздерді қайта-қайта айтып отырдым. Ол қоңырау шалып "жағдайы өте жаман" деді. Мен "дәрігерге барыңдар" дедім. Ол "бірдеңе істеңізші" деді. Мен не істей аламын? Бірнәрсені қайталап, айғайлай берді. Мен телефонды тастай салдым", - деді шымкенттік көріпкел.
Айта кетейік, кешегі сот отырысында прокурор Бишімбаевтың пәтерінен қан көрген үй қызметшісінен, Нүкенова қайтыс болған күні Бишімбаев кездескен блогер Гүлнар Насырбековадан, сондай-ақ, көріпкел Гүлнара Ережеповадан жауап алу туралы өтінішін жеткізді. Прокурор үй қызметшісі мен көріпкелден онлайн режимде жауап алынатынын мәлімдеді. Судья өтінішті қанағаттандырды.
Сонымен қатар, кеше Салтанат қайтыс болған түні Қуандық Бишімбаевпен сөйлескен блогер Гүлнара Насырбекова сотта куәлік етті.
Оның сөзінше, Бишімбаев екеуі гольф клубтың мүшесі екен.
"Бишімбаев 3 қарашада мені гольф ойнауға шақырды. (...) Бірақ 8 қарашада кездесеміз деп шештік. Артынша 9 қарашада кездесеміз деп шештік. Мен кешке құрбыларыммен моншаға баратындықтан, 9 қарашада түстен кездесеміз дедік", - дейді Гүлнара Насырбекова.
Артынша Гүлнара таксиге тапсырыс беріп, BAU мейрамханасына келген.
"Орталық есік жабық тұрды. Хабарластым, ол (Бишімбаев - еск.) асхана жақтан шығып, вип-бөлме жаққа апарды. Бастапқыда турнир туралы сөйлесе бастадық. Менің блогым, жарнама туралы сұрай бастады. Негізі жарнама жасамайтынмын. Менің қызым бар, оның өзінің блогы бар. "Біз қызыңызбен жұмыс істеп көрсек" деді. Мұны естіп біртүрлі болып қалдым", - дейді блогер.
Оның сөзінше, олар әңгімелесіп отырған кезде Бишімбаев бірнеше рет сыртқа шығып келген.