Бишімбаев балаларының тегін өзгертуіне қарсы болмады

Сағыныш Сардарова 13 қар. 2024 09:23 2313

Апелляциялық алқа 12 қарашада Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы шағыммен оның бұрынғы әйелінің талап арызын қарады. Сот мәліметінше, экс-министр балаларының тегін өзгертуіне қарсы болмады,- деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Назым Қаһарман сотта Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыруды сұрады. Оның сөзінше, балалары әкесі қылмыстық жауапкершілікке тартылуына, қоғам тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында жағымсыз ақпараттар жариялануына байланысты психологиялық тұрғыда өздерін жайсыз сезінеді.

"Бірінші сатыдағы соттың шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылды, өйткені жауапкер балаларға қатысты мұндай әрекеттерге жол бермеді. Қылмыстық құқықбұзушылық отбасы мүшесіне қатысты жасалған жоқ. Сондай-ақ, сот әкесінің балалардың тегін өзгертуге келісімін ескеріп, талапкерге осы мәселемен АХАТ органына жүгіну құқығын түсіндірді.

Бұл шешімге талапкер шағымданды. Апелляциялық саты кезінде жауапкер балалардың тегін өзгертуге және шетелге шығуына келісім берді. Апелляциялық саты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді",- деп жазылған елордалық соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.

Назым Қаһарман мен Қуандық Бишімбаев 14 жыл отасқан, ресми некеде болған. Олардың 3 баласы бар. Ерлі-зайыпты 2020 жылы, экс-министр бұрынғы қылмыстық ісі бойынша колониядан босағаннан кейін бір жыл өткен соң ажырасқан.

Айта кетейік, биыл 26 маусымда Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық істің апелляциялық сот отырысы болған еді. Алайда олардың апелляциялық өтініші қанағаттандырылмады.

Қуандық Бишімбаев 24 жылға, інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталған болатын.

Әйелін өлтіргені үшін 24 жылға қамауға алынған Қуандық Бишімбаев ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Бұған дейін ҚАЖК өкілдері колонияда экс-министр үшін қолайлы орын әлі бос емес екенін, сондықтан жұмысқа тұрмағанын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар