Әйелін ұрып өлтірді деген ауыр айып тағылып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың атышулы ісі бойынша кеше алдын ала тыңдаудың екінші күні өтті. Сот отырысы барысында маңызды мәлімдеме жасалды.
Судья Айжан Құлбаева сотталушы Бишімбаевтың өтініші қанағаттандырылатынын, яғни бұл іске алқабилер де қатысатынын мәлімдеді. Ал қоғамда алқабилер сотына күмән де, күдік те басым. Көпшілік арасында "Бишімбаевтың жақындары алқабилерді сатып алмай ма?" деген пікір де бар. Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан бұл алаңдаушылыққа ешқандай себеп жоқ екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжілісте журналистердің сұрақтарына жауап берген Абзал Құспан алқабилер сотының мәнін түсіндірді. Оның сөзінше, алқабилер құрамын іріктеу сот процесіне қатысушылардың бәрінің қатысуымен өтеді. Бұл дегеніміз - жәбірленуші тарап, сотталушы тарап, адвокаттар. Мәселен, 25 адам болса, ішінен 12 адам таңдалады. Он адамы алқабилер құрамына кіреді де, қалған екі адам түрлі жағдайларда орнын алмастырады.
Бұдан бөлек заңгер алқабилер құрамына іріктеуде түрлі принцип қарастырылатынын айтты.
Сонымен қатар, 10 алқабидің алтауы ақтаса, сотталушы босап шығуы да мүмкін екен.
"Кінәлі, кінәсіз деген мәселе көпшілік дауыспен шешіледі. Қолданыстағы заң бойынша 10 алқабидің алтауы кінәсіз дейтін болса, ақталады. Судья мұндай жағдайда тиісті сот үкімін дайындауға міндетті", - деді ол.
Депутат Қазақстанда әлі де алқабилер соты дамымағанын, сондықтан жұмыс тобында көптеген өзгеріс енгізу қарастырылып отырғанын мәлімдеді.
"Біріншіден, алқабилер сотында қаралатын қылмыстық істердің санатын кеңейту мәселесі тұр. ...Қазіргі таңда алқабилер сотында қаралтын қылмыстық істер өте аз", - деді заңгер.
Абзал Құспан қоғамды алаңдатқан басты сұраққа да жауап берді.
"Менің ойымша, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Неге? Алқабилер дегеніміз - ол да осы қоғамның өкілі. Бұл жерде кәсіби судья қатысады. Он судьяның бірі - кәсіби судья, қалғаны алқабилер құрамында. Сұрағыңыздың төркінінде сыбайлас жемқорлыққа апарып соқтырмай ма, қандай да бір жолмен сатып алу деген сөзді айтып отырсыз. Бір адамды сатып алған оңай ма, он адамды сатып алған оңай ма? Қарапайым сұрақ. Бір судьяға сенбейтін болсақ, алқабилерге де сенбейтін болсақ, үкімді кім шығаруы керек? Қоғамның назарында болғандықтан, әділетті сот актісі шығатынына өз басым толық сенемін", - деді ол.
Айта кетейік, Мәжіліс бүгін алқабилер сотына қатысты маңызды ақпараттарды жариялады. Мәліметке сүйенсек, алқабилер сотында шешімді кеңесу бөлмесінде судьяның қатысуынсыз 11 алқаби қабылдайды.
"Қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралып, соңында алқабилер кеңесу бөлмесінде қалады.
Депутаттар істі қарап отырған судья алқабилермен бір бөлмеде қалмауы керек деген норманы енгізіп отыр. Судья өзінің кабинетінде отыруы керек, алқабилер судьясыз шешім қабылдап, сол хаттаманы кәсіби судьяға табыс етіп, сол бойынша ол шешім шығаруы қажет.
Бұл норма азаматтардың құқығын қорғауға басымдық беру мақсатымен енгізіліп отыр", - деп жазылған Мәжілістің баспасөз қызметі ақпаратында.
Айта кетейік, кеше сот Қуандық Бишімбаевтың ісін прокурорға қайтарудан бас тартты.
Еске салайық, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді. Оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.