Билаль Чакыджы: «Елбасына Түркістан қаласынан ескерткіш қою керек»

Dalanews 24 мам. 2021 15:35 854

«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы: интеграциялық және ынтымақтастық перспективалары» атты халықаралық онлайн-конференцияда сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшы орынбасары доцент, доктор (ТҮРКСОЙ) Билаль Чакыджы осындай бастама көтерді. Конференцияға  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректор өкілі Женгиз Томар модераторлық етті.

– Түркі елдерінің тұтастығына қажетті маңызды келелі істің барлығы Қазақ елінің Тұңғыш Президентінің бастамасымен жасалған еді. Ал осыдан үш жыл бұрын Н.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, облыс орталығы болып біз мақтаныш ететін Түркістан қаласы бекітілді. Елбасының ерекше Жарлығы Қазақстан жұртшылығының ғана емес, күллі түркі дүниесінің мерейін тасытты. Осылайша тарихы терең Түркістан дамудың жаңа сатысына көтерілді. Небәрі үш жылда Түркістанды түркі елдері ғана емес, әлем танитындай жағдайға жеттік. Көне қала өзінің тарихи ерекшелігін сақтай отырып, заманауи бағытта көркейіп келеді. Бұған таңданбасқа, тамсанбасқа болмайды. Осы ретте мен аса маңызда үндеу жариялағым келеді. Түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанның дамуына, көне шаһарға жаңа леп әкелген, түркі интеграциясының іске асыру идеясына мұрындық болған Нұрсұлтан Назарбаевқа облыс орталығы – Түркістан қаласынан ескерткіш орнату бастамасын көтеремін. Бұлай деуіме үлкен негіз бар,  Бұл –тәуелсіз елдің шекарасын шегендеп, қазақ елінде тыныштық пен берекені негіз еткен Елбасына алғыс ретінде және түркі елдерінің басын қосуға мүдделі болған түркі әлемінің дана ақсақалына деген ерекше құрметтен туындаған ой. Менің бұл бастамамды санасы ояу, көзі ашық әр азамат қолдайды деп сенемін! – деді үндеу авторы.

Конференцияға қатысушылар Елбасының күллі түркі әлемі үшін жасаған елеулі еңбегіне ризашылықтарын білдіре отырып, шетелдік ғалымның ұсынысын бір ауыздан қолдады.

Онлайн кездесуге Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) Бас хатшысы Б. Әміреев, Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясының (ТҮРКПА) Бас хатшысының орынбасары Али Йылдыз, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д. Қыдырәлі,  Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары Б.Чакыджы,  «Nur Otan» партиясының хатшысы А. Қырықбаев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті Кеңес төрағасы, М.Шимшек, Татарстан Республикасының Экс-президенті М. Шаймиев, Башқұрстан Республикасының экс-президенті  М. Рахимов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Д.Мыңбай, Назарбаев Университетінің профессоры Ю.Шамилоғлы қатысты.

– Түркі әлемі интеграциясының архитекторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев киелі Түркістанды түлетуге  ұдайы назар аударып келді. Елбасының  қолымен бой көтерген жаңа астана Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттіміздің саяси орталығы болса, Елбасының дем беруімен жаңғырып түлеген Түркістан шаһары бауырластықтың бекем бірлігіне арналған еңселі ескерткіш деуге болады. Елбасы Түркістанды түлету үшін тағдыр-шешті бетбұрыс реформа жасады, Түркістанға алдымен киелі тайқазанды қайтарып, бабалар  алдындағы аманат парызын абыроймен орындады,Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде тойлатты, Дүниежүзі Қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізді, түркі бірлігінің өткеніне ғана емес болашағына темірқазық рәміз етіп Түркістан облысын ашты. Түркістанды түлету халықаралық аренада көрініс табатын жемісті оқиғаға айналды. Соның бір дәлелі – таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты Түркі кеңесі Саммитінің өтуі еді. Осы Саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «Түркістан декларациясы» қабылдануы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып жариялануы – өңірге серпін беретін айшықты қадам.   Бұл бастамалар түркі әлемі үшін зор жаңалыққа баланып, киелі шаһардың рухани әлеуетін одан әрі арттыра түсті, – деді өз сөзінде Халықаралық Түркі академиясының президенті Д. Қыдырәлі.

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, Қазақ хандығының астанасы болған, түркілердің текті төрі, рухани қарашаңырағы атанған Түркістан – қасиетті шаhар. Онлайн кездесудің негізгі мақсаты - 31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіндегі Түркістан қаласын «Түркі әлемінің рухани астанасы» деп жариялауы мен ондағы маңызды шешімдерді жүзеге асыру.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар