2026 жылы Қазақстанда медицина қызметкерлерінің еңбек ақысы көтеріледі. Бұл туралы денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Парламент Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген медицина қызметкерлерін қорғау туралы заңнамаға енгізілген түзетулерді мақұлдады. Қызметтік міндетін атқару кезінде медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне жасалған зорлық-зомбылық үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізіліп жатыр, сондай-ақ, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі іске қосылды.
Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау шараларының арқасында дәрігерлердің тапшылығы 19%-ға, орта медициналық персонал тапшылығы 7%-ға, ауылдық жерлердегі маман тапшылығы 16%-ға төмендеген.
"2026 жылдан бастап инфекциялық қызметтер мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жалақысын арттыру қарастырылған, ал дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіледі", - деді Тимур Сұлтанғазиев.
