Биыл 300 мыңнан аса адам көгілдір отынға қол жеткізеді - Скляр

Сағыныш Сардарова 31 шіл. 2025 13:46

Биыл 94 елді мекен газбен қамтамасыз етіліп, 300 мыңнан астам адам көгілдір отынға қол жеткізеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысының елді мекендерді газдандыру деңгейін арттыру және еліміздің газ саласындағы әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау барысында ағымдағы жылы 60 млрд текше метрден астам газ өндіру, сондай-ақ стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық объектілерді іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында бірінші вице-премьер Роман Скляр хабарлады.

Еліміздің мұнай-газ саласында бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 7,6 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді, ал жылдық жоспар 14,8 млн тонна.

"Биыл 62 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. 94 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі, 300 мыңнан астам адам көгілдір отынға қол жеткізеді. Қыркүйек айында ұзындығы 302 шақырым болатын "Талдықорған – Үшарал" магистральдық газ құбыры іске қосылады, бұл 60-тан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сәуір айында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» Магистральдық газ құбыры екінші желісінің құрылысы басталды. Оны келесі жылдың соңына дейін пайдалануға берілу жоспарланып отыр", - деді бірінші вице-премьер.

Мұнай-газ химиясы саласында 6 айдың қорытындысы бойынша 380 мың тоннадан астам өнім өндірілді, бұл өткен жылдың деңгейінен 12,7%-ға артық.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар