Алматы қаласының Медеу аудандық №2 соты бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцовты 2,44 грамм психотроптық затты заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп таныды. Бұл көлем заң бойынша аса ірі мөлшер санатына жатады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс жабық режимде қаралды. Бастапқыда Воронцовқа есірткі қолданылатын орын ұйымдастырды деген айып та тағылған. Алайда кейін бұл айып іс материалдарынан алынып тасталды. Сот үкімімен Воронцов 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін рақымшылыққа ілінуіне байланысты жаза мерзімі 4 жылға дейін қысқартылды.
Воронцов өз кінәсін мойындамайды және істің қолдан ұйымдастырылғанын айтады. Қорғаушы тараптың мәлімдеуінше, тінту кезінде оның үйінен табылған тыйым салынған зат салынған үш пакеттің нақты кімге тиесілі екені дәлелденбеген.
Сонымен қатар бұған дейін әлеуметтік желілерде Воронцовтың ұсталғаннан кейін медициналық куәландыру кезінде өзін есірткіге тәуелді адам ретінде таныстырған видеосы тараған болатын.