Бұрынғы дипломат Сәкен Мамаштың ісі бойынша сот жақында басталады, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.
Бұрынғы жұбайын азаптады деп айыпталған Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігінің экс-кеңесшісі Сәкен Мамаштың ісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы экс-дипломаттың бұрынғы жары Карина Госманның адвокаты хабарлады.
Тергеу шамамен бір жылға созылды. Сәкен Мамашқа ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі («Азаптау») бойынша айып тағылды. Оған жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
«Айып ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі бойынша тағылды. Бірінші бөлігінде тек түзету жұмыстары қарастырылған. Бірақ екінші бөлігінде (ерекше қатыгездікпен азаптау, дәрменсіз немесе тәуелді адамға қорлық көрсету) төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған және балама жаза қарастырылмайды», – деді «Орда» басылымының журналисіне берген жауабында Госманның адвокаты Бибінұр Мұратова.
Сонымен қатар, бұрынғы дипломатты өз жұбайына қоқан-лоқы көрсетті деп айыптаған екінші қылмыстық іс тоқтатылған.
Іс астана сотында қаралады. Сот процесінің басталу күні әлі белгіленген жоқ.
Сәкен Мамаш тарапынан тұрақты түрде зорлық көргені туралы Карина Госман (ол кезде – Мамаш) 2024 жылғы мамырда мәлімдеген болатын.