[caption id="attachment_10316" align="alignleft" width="285"] Елдыс Забитова, №102 балабақша меңгерушісі[/caption]
Айтулы шараға Алматы қаласы мен Жетісу аудандық білім бөлімінің жетекші қызметкерлері, соғыс ардагерлері, әскерилер мен ата-аналар қатысты. Жиын барысында сөз алған №102 балабақшаның меңгерушісі Елдыс Забитова ханым бүлдіршіндер арасында Жеңістің 70 жылдық мерейтойын дәріптеу бағытындағы маңызды іс-шаралар жыл басынан бері қолға алынғанын алға тартты.
– Жеңістің 70 жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде аталынып өтіп жатқаны өздеріңізге мәлім. Осы айтулы шараға біз де өз үлесімізді қосып, өткен күнге салауат айтып, неміс басқыншыларына қарсы жан аямай күрескен арадагерлеріміздің ерлік пен өрлікке толы істерін бүлдіршіндердің көкейіне құюды жөн санадық. Бұл бағыттағы жұмыстарға балабақшамыздағы ересек топтарды тарттық. Арнайы іс-шара жоспарын құрып, тәрбиешілеріміз көп еңбектенді. Осы ретте біздің бұл бағыттағы жұмыстарымызға ата-аналар да айрықша қолдау көрсеткенін айтуға тиіспін. Ата-аналар балаларына арнайы әскери киімдер сатып алып беріп, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне көмек көрсеткеніне алғыс айтамын. Бұдан басқа біздер бүлдіршіндердің жүрегінде отаншылдық сезімін ояту мақсатында әскери бөлімшеге саяхат ұйымдастырғанымызды айта кетуіміз керек. Бірнеше айға созылған іс-шара барысында балдырғандарды Алматы қаласында Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіштерді аралап, тағзым етті. Осылайша балалардың таным-түсінігін арттыруда көптеген жұмыстар атқардық, – деп балабақша меңгерушісі Елдыс Забитова Жеңістің 70 жылдық мерейтойын өз деңгейінді өткізуге барынша күш салғандарын жеткізді.
[caption id="attachment_10317" align="aligncenter" width="890"] Шараны тамашалаған қонақтар[/caption]
Кеш барысында балалар би билеп, ән салып өз өнерлерін ортаға салды. Бірінші болып сахна төріне шыққан тұлымшағы желбіреген қыздар өздерінің сұм соғысты қаламайтындарын әсерлі биімен көрсетіп, жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Бүлдіршіндер ән айтып, өлең оқығанда Жеңістің қаншалықты қадірлеп, қастер тұтатынын байқадық. Іс-шара барысында балабақша тәрбиешісі Бақытгүл Қарымсақованы да әңгімеге тарттық. Ол бірнеше айға созылған апталық барысында балалар Ұлы Отан соғысы жайында мол мағлұмат алып, ой-өрістерін кеңейткенін айтты.
[caption id="attachment_10318" align="aligncenter" width="900"] Тәрбиеші Бақытгүл Қарымсақова бүлдіршіндерін шеруге дайындауда[/caption]
– Қан майданда толарсақтан қан кешіп, елі мен жері үшін жанқиярлықпен күрескен аталарымыздың ерлігін жастардың білуі қашанда маңызды. Мұндай маңызды мәселелерді балаларға балабақша қабырғасынан бастап үйрету қажет. Осы іс-шараның арқасында біздің балалар Бауыржан Момышұлы атасы мен Әлия және Мәншүк сынды батыр апаларының майдан даласында көрсеткен ерліктері жайында мол мағлұмат алды. Келешекте балаларымыз қазақтың батыр ұл-қыздарының ерлігін мақтан етіп жүретініне сенімдімін, – деп көкейдегі ойын ортаға салды.
[caption id="attachment_10319" align="aligncenter" width="900"] №102 балабақшаның биші балғындары[/caption]
Концерттік бағдарлама аяқталғаннан кейін айтулы шараны тамашалауға жиналған қауым бүлдіршіндердің Ұлы Отан соғысы тақырыбына арнайы ұйымдастырған көрмесін тамашалады. Көрмеде жас жеткіншектердің соғыс тақырыбында салынған суреттері, қағаз бен пластилиннен жасаған бұйымдары қойылыпты. Бұдан кейін балалардың өнерін тамашалауға арнайы келген қонақтар балабақша бүлдіршіндерінің қатысуымен ұйымдастырылған әскери шеруді тамашалап, мәз-мейрам болды. Жиын соңында сөз алған Алматы қаласы білім басқармасынан арнайы келген маман мұндай қызықты шараны ұйымдастырған балабақша ұжымына алғас айтып, ризашылығын білдірді.
[caption id="attachment_10320" align="alignnone" width="900"] Балғындардың қолынан шыққан суреттер көрмесі[/caption]
Нурлан Әубәкір.