Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді тікелей эфирде екі күн бойы өткен сот отырыстарына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айтбек Амангелдінің сөзінше, бұл іске қатысты тергеу сапалы әрі ешқандай заң бұзусыз өткен.
"Көп адам алқа билер сотына қатысты наразы болып жатқанын білемін. Бірақ оған ешкім қарсы шыға алмайды, себебі бұл оның (Бишімбаевтың) конституциялық құқығы", - дейді Айтбек Амангелді.
Айтбек Амангелді сот отырысы өткен екі күн стреске толы болғанын айтады.
"Шынымды айтсам, қобалжыдым. Тіпті маған сөз берген кезде де қобалжыдым, бұл сот отырысы ғой, бұған дейін ондай нәрсеге тап болмадым. Бүгін қатты уайымдадым. Судья шешім шығарған кезде де алабұртып отырдым. Себебі бұл ең алдымен әділ шешім болды. Себебі олар тергеу материалдарынан видеоларды, суреттерді, хаттарды алып тастау арқылы істі құрдымға кетірмек болды. Бірінші күні отырыста жай ғана бапты айта салуға болатын еді, оның орнына олар бірнеше сағат бойы әр бапты оқып, артынан екінші айыпталушы орысша жақсы түсінсе де оны қазақ тіліне аударып отырды. Арнайы қазақ тіліне аударып жатқан кезде екінші айыпталушы ұйықтап та кеткен. Бәрі екі сағатта өтіп кетудің орнына екі күнге созылып кетті.
Тіпті не айтарымды да білмеймін. Бұл тек басы ғана, бізге босаңсуға болмайды. Алда әлі басты сот отырысы бар", - дейді Айтбек Амангелді.
Айта кетейік, экс-министр Бишімбаевқа әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр. Оқиға Астанадағы мейрамханалардың бірінде болған еді.
Бұл іс бойынша басты сот отырысы 27 наурызға жоспарланып отыр.
Былтыр 9 қарашада Қуандық Бишімбаев ұсталғаны белгілі болды. Ал 11 қарашада бұрынғы министр қамауға алынды.
Кеше, 11 наурызда алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы сұмдық жайттарды айтқаны хабарланды.