Қазақстанда детективтік қызметті заңнамалық тұрғыдан реттеу мәселесі Мәжілісте қайта көтерілді, деп хабарлайды Dala News.
Депутаттардың айтуынша, бұл бастама азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетігін қалыптастыруға бағытталған. Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істейтін бұл институт кей жағдайда шындықты анықтауға және әділдікке жетуге мүмкіндік беретін құрал ретінде қарастырылады.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұл заң жобасы кездейсоқ пайда болған бастама емес екенін айтады. Оның сөзінше, бұл тақырыпты ол депутат болып сайланған сәттен бастап көтеріп келеді.
«Жоқ, мен өзім қылмыстық құқық саласының маманымын. Сондықтан 2023 жылы депутат болып сайланған кезде қолға алған заң жобаларымның бірі осы. Оны Парламентаризм институтымен бірлесе отырып дайындадық. Бұл біріншіден. Екіншіден, мен мұны өзім тағдырлы заң деп айтам. Кезінде, тіпті Назарбаевтың кезінде де бұл заң жобасы Мәжіліске үш рет келіп, үш рет кері қайтқан. Бірінде депутаттар қарсы болды, бірінде үкімет өзі қайтарып алған. Сондықтан бұл біздің төртінші әрекетіміз», - деді депутат.
Депутаттың айтуынша, көршілес мемлекеттердің тәжірибесінде мұндай институт әлдеқашан қалыптасқан.
«Көршілес елдердің тәжірибесіне қарайтын болсақ, Қырғызстан мен Ресейде детективтік қызмет 90 жылдардың ортасынан бері бар. Сондықтан біз бұл мәселеде біраз кеш қалдық. Ал Еуропа мен Америка елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, детективтік қызмет әділдікті орнатудың, шындықты табудың балама тетігі ретінде қарастырылады. Сондықтан бұл заңды қабылдауға мен өте мүдделімін. Және оның қоғамға пайда әкелетініне сенімдімін», - деп өз пікірін білдірді.
Сонымен қатар ол Атырауда болған резонансты оқиға қоғамда бұл мәселені тағы да талқылауға себеп болғанын атап өтті.
«Ал енді Атырауда болған жағдайды мен естіген бойда, сол кезде ресми ішкі істер органдары, полиция департаменті олар шетелге шыққан жоқ деп жоққа шығарып жатқан еді. Сол кезде мен хакердің жазбасымен бөлістім. Әлеуметтік желіде, Facebook-та тапсаңыздар болады. Сол кезде мен бұл болашақ қазақ детективінің бейнесі деп жазған едім», - деді депутат.
Құспанның айтуынша, қазіргі цифрландыру дәуірінде жеке мамандардың мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда кеңейген.
«Қазіргі цифрландыру заманында бәріміздің қолымызда смартфон бар, айналамызда бейнекамералар жеткілікті. Сондықтан телефондағы хат алмасулар немесе биллинг арқылы көптеген нәрсені оңай анықтауға болады. Ал полиция қызметкерлерінің барлығында бірдей мұндай хакерлік мүмкіндіктер жоқ. Ал цифрлық әлемде жұмыс істейтін мықты мамандар ішкі істер органдарына аз жалақыға жұмыс істеуге келе бермейді. Сондықтан детективтік қызмет туралы айтатын болсақ, бұл бағытта жұмыс істейтін ерекше, бөлек бір топ қалыптасуы мүмкін», - деді Абзал Құспан.
Ал Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұл заң жобасының басты мақсаты азаматтардың құқықтарын қорғау екенін атап өтті. Оның айтуынша, кей жағдайда азаматтар әділдікке жету үшін қосымша құқықтық құралдарға мұқтаж болады.
«Бүгінгі заң жобасының негізгі мақсаты ең алдымен азаматтардың құқықтарын қорғау. Өздеріңіз білесіздер, детективтік қызмет шетелдік тәжірибеде бұрыннан бар институт. Кейде азаматтар әділдік пен шындықты іздеу жолында құқықтарының бұзылғанын сезеді. Осындай жағдайда заң шеңберінде қосымша детективтік қызметті пайдалану мүмкіндігі қажет болады. Сондықтан бұл заң жобасын қабылдау уақыт талабынан туған қажеттілік.
Бұл заң жобасы ең алдымен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Детективтік қызмет туралы заңды қабылдау арқылы біз маңызды қадам жасадық. Себебі осы уақытқа дейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізгенімен, кейбір істер дәлелдердің жеткіліксіздігінен жабылып қалып жатады.
Ал кәсіби детективтер өз клиентінің атынан әрекет етіп, әрбір материалды жеке зерттеп, қосымша дәлелдер жинай алады. Бұл қызмет жемқорлыққа жол бермей, тәуелсіз түрде жұмыс істеуге негізделеді. Сондықтан детективтер өз клиентінің мүддесін қорғап, құқық қорғау органдары назар аудармаған немесе толық зерттелмеген жайттарды анықтауға көмектесе алады», - деп атап өтті Бақытжан Базарбек.
Депутаттардың пікірінше, детективтік қызмет туралы заң қабылданса, ол құқық қорғау органдарының жұмысын алмастырмайды. Керісінше, азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетігіне айналуы мүмкін. Ал заң жобасының нақты қалай жүзеге асатыны алдағы талқылаулардан кейін белгілі болады.
