Бразилиялық мамандар апатқа ұшыраған AZAL ұшағының қара жәшіктерін зерттеуге кірісті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Sputnik Азербайджан мәліметінше, талдау Қазақстан, Әзербайжан және Ресей тергеушілерінің қатысуымен жүргізіледі.
"Болған оқиғаны модельдеу және қайғылы жағдайдың себептерін анықтау үшін виртуалды шындықты қолдана отырып графикалық қайта құру жоспарланып отыр", - деп жазылған ақпаратта.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны - 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Кейінірек Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес Қазақстан Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық органдарымен ақылдасқан соң, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын комиссия Embraer ұшағының қара жәшігін Бразилиядағы CENIPA орталығына жіберу туралы шешім қабылдады.