Браконьерлермен күрес: Инспекторларға күдікті көліктерді тоқтатуға арналған құрылғы беріледі

Браконьерлермен күрес: Инспекторларға күдікті көліктерді тоқтатуға арналған құрылғы беріледі
Фото: Dalanews, ЖИ

Қазақстанда аңшы инспекторларына қолкісен мен көлікті тоқтатуға арналған арнайы құрылғылар беріледі. Экология және табиғи ресурстар министрлігі жануарлар дүниесін қорғайтын қызметкерлер пайдаланатын құралдардың тізімін бекітті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құжатқа сәйкес, инспекторлар қолкісенмен, арнайы резеңке таяқпен, соққыдан қорғайтын кеудешемен және жарқылдайтын белгі беру шамымен жабдықталады. Сондай-ақ оларға күдікті көліктің қашып кетуіне жол бермейтін "Еж-М" құрылғысы беріледі. Жолға төселетін бұл құрал көлік дөңгелегін тесіп, оны мәжбүрлі түрде тоқтатуға мүмкіндік береді. Жаңа тәртіп жануарларды заңсыз аулау және басқа да құқық бұзушылықтармен күресетін мемлекеттік инспекторларға қатысты болады.