Батыс Қазақстан облысында нектарин тиелген жүк көлігі жол апатына ұшырағаннан кейін жергілікті тұрғындар жемістерді алып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, жол бойына шашылған нектариндерді жинау кезінде адамдар арасында жанжал шыққан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға Самара - Шымкент тасжолының Бәйтерек ауданы аумағында болған. Astana TV мәліметінше, жүк көлігі аударылып, жол бойына ондаған тонна нектарин шашылып қалған.
Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші бірнеше күн бойы көмек күткен. Эвакуация келмеген соң ол жергілікті тұрғындарға бүлінбеген жемістерді тегін алып кетуге рұқсат берген.
Осыдан кейін оқиға орнына ондаған ауыл тұрғыны жиналған. Куәгерлердің мәліметінше, бір сағатқа жетпейтін уақытта шамамен 20 тонна нектарин жиналған. Алайда жемістерді жинау кезінде адамдар арасында дау туған.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, көпшілік жүргізушіге жанашырлық танытқан. Сонымен қатар, олар бұл учаскені жол апаты жиі болатын қауіпті аймақ деп санап, жауапты мекемелерді жол қауіпсіздігін күшейтуге шақырған.