БҚО-да полицей ұйқыдағы отбасыны өрттен құтқарды, деп хабарлайды dalanews.kz.
1 қыркүйекке қараған түні Батыс Қазақстан облысына қарасты Жаңақала ауданы Қырқопа ауылының учаскелік полиция инспекторы Нұрлыбай Нұрмұханов әдеттегідей ауылдағы есепте тұрған адамдарды тексеру және қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында түнгі рейдке шыққан.
Түнгі сағат 04:30 шамасында полиция капитаны үйлердің бірінің ауласынан көкке көтерілген қою түтінді байқап қалған. Ойлануға уақыт жоқ екенін түсінген ол бірден оқиға орнына қарай ұмтылады. Үйге жанамаланып салынған мал қора өртеніп жатқанын және жалын тұрғын үйге қарай тарап жатқанын көрген ол үй тұрғындарын оятып, бала-шағасымен бірге қауіпсіз жерге шығарады.
Өртсөндірушілер келгенге дейін үй иелерімен бірге қорадағы малды шығарып, жалынды құммен ауыздықтап, өрт үйге өтуіне жол бермеген.
"Нұрлыбай келіп оятпағанда, бала-шағамызбен не боларымызды білмеймін. Оған алғыс айтамыз", - дейді үй иесі Есқали Мұратов.