Бостандыққа шыққан Боранбаев Esentai Tower-дегі қымбат үйін даулады

Сағыныш Сардарова 29 ақп. 2024 10:20 4929

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ауқатты құдасы Қайрат Боранбаев Esentai Tower-дегі қымбат үйін даулады. Бұл туралы prokadrykz арнасы мен Press Kz басылымы жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Арна мәліметінше, бай кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың сот орындаушысына қарсы берген талап-арызының мазмұны белгілі болған.

"Ол өзінің үлесін, сондай-ақ, тәркіленген жылжымайтын мүліктегі жұбайының үлесін анықтауды сұраған.

Әңгіме Алматыдағы Әл-Фараби, 77/7,1 мекенжайында орналасқан, құны 686 миллион теңге болатын коммерциялық үй-жай туралы болып отыр.

2GIS мәліметтері бойынша бұл аумақ Esentai Tower бизнес орталығында орналасқан", - деп жазылған арна мәліметінде.

Press Kz мәліметінше, Боранбаев бұл мүлікті өзінің және жұбайы Шолпан Боранбаеваның үлесі тең деп танылуға тиіс бірлескен пайда деп санайды екен. Алайда сот тәркіленген үй-жай қылмыстық ақшаға сатып алынғанын көрсеткен. Демек, оны неке кезінде ерлі-зайыпты тапқан мүлік ретінде қарастыруға болмайды.

Бостандыққа шыққан Боранбаев тек қымбат үйін даулап жатқан жоқ, ол шетел аралауды да назардан тыс қалдырмаған.

Бұған дейін Қайрат клубының баспасөз қызметі оның алдағы жоспарын жария етті.

Мәліметке сүйенсек, сотты болған "экс-құда" Парижде өтетін УЕФА Ұлттар лигасының 2024/25 топтық кезеңінің жеребе тарту рәсіміне қатысады.

"УЕФА Әділ ойын және әлеуметтік жауапкершілік комитетінің екінші вице-төрағасы қызметін атқаратын, сондай-ақ, УЕФА Балаларға арналған қорының басқарма мүшесі Боранбаев Қайрат Советайұлы ресми шақыру алып, УЕФА-ның 48-конгресі мен Парижде өтетін УЕФА Ұлттар лигасының 2024/25 топтық кезеңінің жеребе тарту рәсіміне қатысады", - деп жазылған еді клубтың хабарламасында.

Айта кетейік, былтыр 6 қарашада Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты. Ал оған дейін наурызда ол 8 жылға сотталды. Қыркүйекте жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарды.

Сонымен қатар, "бай құда" Астананың орталығындағы 4 жұлдызды қонақүйді, басқа да біраз мүлікті мемлекет меншігіне тапсырды. Ал аумағы бес мың шаршы метрден асатын қонақүй кешенінің жылдық айналымы шамамен 900 миллион теңгеден асады екен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар