Болашақ түлегі елге келіп қызмет етудің орнына шетелге кетіп қалған

Көркем Алдабергенова 28 нау. 2025 12:38 1024

Елге келіп қызмет етудің орнына шетелге кетіп қалған Болашақ түлегі ақшаны қайтаруға міндеттелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Талап қоюшы 2017 жылы «Болашақ» халықаралық стипендия бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның бір университетінде магистратура дәрежесін алған. 5 жыл өткеннен кейін стипендиат уәкілетті органдарға кепілге салынған мүлікті ауыртпалықтан босату туралы өтінішпен жүгінген. Алайда оған бағдарлама ережелерінде көзделген міндетті еңбекпен өтеуді орындамағаны үшін бас тартылған.
 
Бағдарлама шарттарына сәйкес, түлектер Астана немесе республикалық маңызы бар қалаларда кемінде 5 жыл (1825 күн), немесе басқа аймақтарда 3 жыл (1095 күн) жұмыс істеуге міндетті.
Талап қоюшының шетелде оқуын аяқтағаннан кейін Астанадағы ұйымдардағы еңбек өтілі 1489 күнді немесе белгіленген мерзімнің 82%-ын құрады. Ол міндеттемелерін аяқтамай, 2021 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстаннан кеткен. Талап қоюшы еңбек міндеттемелерін орындамаудың салдары туралы ескертулерді елемеген.
 
Шетелде 336 күн қашықтан жұмыс істеуді есепке алу әрекеті сотпен қабылданбады. Сот еңбекпен өтеу түлектердің Қазақстанда шын мәнінде физикалық тұрғыдан болуын талап етеді деп ұйғарды. Талап қоюшының қол қойған келісімшартында қашықтан жұмыс істеу қарастырылмаған, ал бұл мәселе бойынша тараптар арасында келісімшарт жасалмаған.
 
Сот сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының мақсаты – білікті мамандарды ел экономикасына инновациялық технологияларды енгізу үшін елге қайтару екенін атап өтті. Еңбек кодексіндегі қашықтан жұмыс істеуге қатысты өзгерістерге қарамастан, «Болашақ» бағдарламасы ерекше болып табылады және түлектердің Қазақстанда болуы міндетті деп саналады. Бағдарлама ережелерінде қашықтықтан жұмыс істеу туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілмеген.
 
Кейіннен шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссия еңбек міндеттемелерін орындамауына байланысты талап қоюшыны стипендиядан айырып, оқытуға жұмсалған қаражатты қайтаруды талап етті. Ол Комиссияның шешімін де даулап, сотқа шағымданған.
 
Сот комиссияның шешімі оның құзыреті шегінде қабылданғанын және талап қоюшының бағдарлама бойынша міндеттемелерін орындамау туралы заңды күшіне енген сот шешіміне сілтеме жасап, талапты қанағаттандырудан бас тартты.
 
Шешім заңды күшіне енді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар