Енді атом саласында жұмыс істейтін қазақстандықтар "Болашақ" бағдарламасы арқылы шетелде магистратура, докторантура оқуға және тағылымдамадан өтуге бөлек квота бойынша қатыса алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл мүмкіндік атом энергетикасын реттеу, уран өндіру, атом өнеркәсібі, атом нысандарын жобалау, салу және пайдалану саласында еңбек ететін мамандарға беріледі. Сондай-ақ жаңа технология жасап жүрген және радиофармпрепарат өндіретін қызметкерлер де осы санатқа кіреді.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткердің кемінде 3 жыл еңбек өтілі болуы керек. Оның соңғы 6 айы тікелей осы салада жұмыс істеуі қажет.
Оқуын аяқтағаннан кейін маман Қазақстанға оралып, өз ұйымында немесе оның филиалында кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі.
Бұдан бөлек, жұмысында жасанды интеллектіні қолданатын мамандар үшін де талап жеңілдетілді. Енді оларға қажет еңбек өтілі 12 айдан 6 айға дейін қысқарды.